Атырауда "Масленица" мерекесін тойлау үшін білім ордасында тұлып өртеген мектеп директоры қатаң сөгіс алды (видео)
Атырауда "Масленица" мерекесін тойлап, білім ордасында от жаққан мектеп директоры қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Атыраудағы №8 қалалық мектепте болған. Оқушылар мен мектеп ұжымы "Масленица" мерекесін атап өту үшін білім ордасының ауласында тұлып өртеген. Алайда қауіпсіздікті сақтау үшін төтенше жағдайлар органдарымен келісілмеген.
“№ 8 мектепте масленицаға арналған іс-шара өтті, онда тұлып өртенді. Бұл қауіпсіздікке байланысты болғандықтан директорға қатаң сөгіс жарияланды. Мектеп аумағында ашық от жағуға болмайды”, – деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі тікелей эфирде.
Оның айтуынша, бұл оқиға туралы өрт сөндірушілерге де, Төтенше жағдайлар департаментіне де, білім басқармасына да хабарланбаған.
Мектептің директоры ата-аналар ұсынысын қолдап, білім ордасының ауласында от жағуға рұқсат берген. Осыған байланысты мектептің директорына қатаң сөгіс берілді.