Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бұрынғы әйелін ұрған аудан әкімі шартты жазамен құтылып кетті

Атырау облысында бұрынғы әйелін соққыға жыққан Мақат ауданының әкіміне сот үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Атыраудың №2 сотында бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваны жүйелі түрде ұрып-соқты деп айыпталған Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовқа үкім шықты.

Ол Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы “Материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру” бойынша сотқа тартылған еді.

2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласында пәтерде жәбірленуші мен сотталушының арасында жанжал болған.

“Жанжал кезінде Ринат Ибрагимов жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелді екенін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, әйелінің оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп,  оны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленуші Ақмарал Үмбетқалиеваның 5-омыртқасы сынып,  орташа ауырлықтағы зақым алған”, – делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сот Ринат Ибрагимовтың бұрын сотталмағанын және мінезі оң деп сипатталғанын ескерген. 

Сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

“Жәбірленушінің 20 миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, сотталушы 2 миллион теңге моральдық зиянды өтейді”, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Еске салайық, Атырау тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, оған қоса қазір Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Ринат Ибрагимовқа қатысты мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі 11 жыл ұрып-соққан, балаларын тартып алған.

Талқылау