Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-анаңды өлтіреміз деп қорқытқан": Қызылордада зорлық көрген баланың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Қызылордада мектеп оқушыларынан зорлық көргенін айтып, шағымданған баланың анасы журналистермен кездесті. БАҚ өкілдеріне бет-жүзін көрсетпеуді өтінген Жанна есімді келіншек жаға ұстатарлық жағдайдың мән-жайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жанна –  үш баланың анасы. Үлкен ұлы биыл екінші сыныпты бітірген. Баласының зорлық көргенін жас ана ойда-жоқта біліп қалған. Бұл жағдай отбасы үшін үлкен соққы болғанын айтады. 

"8 жасар баламның зорлық көргенін осыдан бірнеше күн бұрын ғана білдім. Түскі уақытта балаларыммен демалып жатқанбыз. Үлкен ұлым інісіне жыныстық әрекеттер жасауды өтініп жатқанын естіп қалдым. Шошып кеттім.  “Мұндайды қайдан көрдің, кім үйретті” деп сұрадым. Баламмен сөйлесе келе шындықтың беті ашылды. Көрші тұратын бес бала біршама уақыттан бері ұлыма қорлық көрсетіп келген екен", – дейді қызылордалық келіншек. 

Шындықты біле сала Жанна құқық қорғау органдарына хабар берген. Арнайы тергеу тобы да келіп, жұмыс жасаған. Алайда көп ұзамай қылмыстық іс жабылып қалған. 

"Қазір бес бала да жасаған істерін мойындап отыр. Ата-аналары келіп кешірім де сұрап жүр. Мектеп директорының орынбасарлары да бірнеше рет келді. Қазақилыққа салынып, өзара шешейік деп отыр. Бірақ мен баламды қорлағандардың жазасыз қалғанына жол бермеймін. Мен құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырдым. Күдіктілер кәмелетке толмаған жасөспірімдер болғандықтан, тек ата-анасына айыппұл салынады екен. Ешкім менің жанайқайыма құлақ салар емес”, – дейді баланың анасы. 

Сегіз жасар жасөспірім өзін зорлаған жерді де анасына көрсетіпті. Күдіктілер көбіне баланы Тасбөгет кентіндегі құрылысы аяқталмаған нысанға сүйрейтін болған. Аталған мәселе көпшілік  назарына ілігіп, қоғамдық бірлестіктер көтергеннен кейін қылмыстық іс қайтадан ашылған. Тиісті сараптамалар да тағайындалған. Қазір іс тергеліп жатыр. 

"ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының назарында. Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа да дерек жариялануға жатпайды", – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Қазір Жанна баласының психикалық денсаулығына қатты алаңдаулы. Сегіз жасар жеткіншек ашуланшақ әрі қорқақ болып қалған екен. Сараптамадан өту кезінде де жылап, мамандарға әрең көнген. 

"Экспертизадан өту кезінде балам киімін зорға шешті. Әбден қорқып қалған. Осы уақытқа дейін маған неге айтпадың деп сұрасам, папа-мамаңды өлтіреміз деп қорқытыпты. Ұлымның болашағы үшін қатты уайымдаймын. Мен тергеудің әділ әрі ашық өткенін талап етемін", –  дейді жәбірленуші баланың анасы.

Талқылау