Ата-аналар дабыл қақты: Қостанай облысында жалғыз қазақ балабақшасы жабылатыны туралы ақпарат тарады (видео)
Әлеуметтік желіде Қостанай облысына қарасты аудандардың бірінде жалғыз қазақ балабақшасы жабылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
TikTok желісінде тараған видеода ата-аналардың мекемеге келіп, шағымданып жатқаны көрсетілген.
Аталған жағдайға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір қалдырып жатыр. Бірі Қостанайда қазақ тілді балабақшалар көп екені айтса, енді бірі орыс тілді балабақшаларды жабу керек дейді.
"Орыс балабақшасын жабу керек. Сонда бәрі қазақ тілді балабақшаға барады", "Сенбеңіздер! Бұл жалған ақпарат, ескі видео. Қостанайда қазақ балабақшалары бар", "Жалпы Қостанай облысы, Арқалық, Торғайдан басқа жақта қазақ тілінің жағдайы өте қиын. Қазақ мектептері жоқ ауылдар өте көп екен. 3 жылда жүрегіміз қатты ауырды. Қазақ тілінің келешегі бұлыңғыр болып тұр", "Бұл оқиға былтыр болған. Қазір ескі видеоны неге салып отыр? Қазақ балабақшалары бар Қостанайда. Бұл балабақша қазақ мектебінде мини-орталық ретінде болған. Жалға алып отырған", – деп жазды олар.
@mumkin_emes #ВэтотДень ♬ оригинальный звук - Не может быть / Мүмкін емес
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай облысының білім басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Білім басқармасының мәліметінше, бұл жағдай 2024 жылы болған. Өткен жылы мәселе шешіліп, балабақшалар басқа ғимараттарға ауыстырылыпты.
"2024 жылдың ақпан айында қаланың 9 мектебінің ғимаратында орналасқан мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын 9 жекеменшік балабақшалардың жалдау шарттарының мерзімі аяқталды. Қала мектептерінде оқушы орындарына сұраныстың артуына байланысты және кабинеттерді оқу мақсатында қолдану үшін 2020 жылдан бастап білім басқармасы мен білім бөлімі құрылтайшыларға жалдау мерзімінің аяқталғаны туралы бірнеше рет хабарлады. Шартта көрсетілген жалдау мерзімі аяқталғанға дейін балаларды үй-жаймен қамтамасыз ету қажет екені ескертілді. Алайда Құрылтайшылар ата-аналарға дер кезінде ескертпей, аталған мәселенің соңы дауға ұласты. 2024 жылы бұл мәселе шешіліп, балабақшалар басқа ғимараттарға ауыстырылды", – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, 75 орындық "Алдияр" жекеменшік балабақшасы №15 мектеп ғимаратын жалға алған. Аталған мектеп мемлекеттік тілде білім береді. Қазіргі уақытта бұл жерде 100 орындық мемлекеттік тілде оқытатын шағын орталық орналасқан дейді басқарма.
Білім басқармасының мәліметінше, Қостанай облысында 113 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Оларда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр дейді.
“Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тілде білім алатын балалар саны 7 612 бала, яғни 49,3%. 2023 жылы бұл көрсеткіш 6 842 бала немесе 43,9% болды. 113 мемлекеттік балабақшаның 95-і мемлекеттік немесе аралас тілде білім береді. Қостанайда 24 мемлекеттік балабақшаның ішінде барлық балабақшалар мемлекеттік немесе аралас тілде оқытады”, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, Қостанай қаласында 2900 бала мемлекеттік тілде білім алады.