Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада тюбингпен сырғанап келе жатқан бала көлік астына түсті

Астанада тұрғын үйдің пандусынан тюбингпен сырғанап келе жатқан бала көлік астына түсті. Дәрігерлер баланы ауруханаға жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: kidpassage.com

Мәліметтерге сенсек, бейнебақылау камераларындағы кадрларда баланың биіктіктен үй аулалары арасындағы жолға сырғанап түскені және оны көлік қағып кеткені көрінеді.

Қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, оқиға 10 наурыз күні сағат 16:45 шамасында Аманжол Бөлекпаев көшесіндегі үйдің ауласында болған.

"Mitsubishi автокөлігінің жүргізушісі сол сәтте пандустан сырғанап келе жатқан баланы қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 жастағы бала жарақат алып, ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кәмелетке толмаған баланы қағып кету дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Астана полициясы жүргізушілерді аула аумақтарында барынша мұқият болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырды. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың жүріс-тұрысын бақылап, оларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруді, аула мен жол бойында ойнаудың қаупін еске салуды сұрады.



Еске салайық, бұған дейін Қостанайда 22 желтоқсан күні сырғанақта жүрген алты бала әртүрлі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Медицина мекемеcі ересектерді коньки тебу кезінде кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға шақырды.

Талқылау