Астанада тоғызыншы қабаттан құлап мерт болған альпинистер ісі: Сот кінәлі адамға үкім шығарды
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты елордалық құрылыс нысандарының бірінде үш өнеркәсіптік альпинистің өліміне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
Сотта мердігер, ЖК басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлға бола отырып, көтергіш сымарқанның техникалық жай-күйі мен жарамдылығын тексермегені анықталды.
"Жазатайым оқиға төрт өнеркәсіптік альпинистің биіктіктен құлауына әкеліп соғып, абайсызда үш альпинист қаза тапты. Біреуі ауыр дене жарақатын алды", – делінген хабарламада.
Сотта барлық жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ.
Соттың хабарлауынша, айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, мамандар мен сарапшылардың айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және өндірісте болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеу актісімен дәлелденді.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас баланың болуын таныды.
"Сот Ш-ны қылмыстық кодекстің 277-бабы, 3-бөлігі ( Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге құрылыс-монтаж жұмыстары саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ш.-дан жәбірленушілердің пайдасына 5 миллион теңгеден және 10 миллион теңге моральдық зиян өндірілді", – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Астанада төрт өнеркәсіптік альпинист тоғызыншы қабаттан құлап, үш альпинист қаза болған еді.