Астанада алаяқтарға алданып қалған ер адамның несиесі 10 жылдан кейін кешірілді
Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтың несиесі кешірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бас прокуратураның мәліметінше, 2014 жылы алаяқтар ерекше қажеттіліктері бар тұлғаның атына автокөлік несиесін рәсімдеген.
Жәбірленушінің бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жан екені және психоневрологиялық диспансерде есепте тұратыны анықталды.
Алаяқтар жәбірленушінің психикалық ауруын пайдаланып, оны Қостанай облысынан Астана қаласына әкеліп, алаяқтық жолмен оған 5 млн теңге көлемінде автонесие рәсімдеген.
"Есіл ауданы прокуратурасы қылмыстық іс бойынша жәбірленушіні әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сотқа талап арыз жолдады. Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды”, – прокуратура хабарламасында.
Нәтижесінде жәбірленушінің он жылдық несиелік қарызы толығымен есептен шығарылды.
Қазіргі уақытта қылмыс жасаған адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Жоғарғы сот банктер мен микрокредиттік ұйымдарға интернет алаяқтарға алданғандардың несиелерін есептен шығару туралы ұсыныс жасаған еді.