Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана тұрғыны рейс кейінге шегерілгені үшін 600 мың теңгеге жуық қаражатын қайтарып алды

ұшақ борты
Фото: depositphotos.com

Астана тұрғыны рейс кейінге шегерілгені үшін 600 мың теңгеге жуық қаражатын қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тұрғын Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша екі әуе билетін сатып алған. Билет құны – 554 530 теңгені құраған. 

“2026 жылғы маусымда тұтынушы жалпы құны 554 530 теңге болатын екі әуе билетін сатып алған. Алайда кейін әуе компаниясы жолаушыға байланысты емес себептермен рейстерді үш рет тоқтатқан. Рейстердің бірнеше рет тоқтатылуына байланысты тұтынушы ұшу күндерін өзгертуге мәжбүр болып, қосымша 38 826 теңге төлеген. Осылайша, әуе тасымалына байланысты тұтынушының жалпы шығыны 593 356 теңгені құраған”, – делінген ақпаратта. 

Кезекті рейстің қайта тоқтатылуынан кейін тұтынушы сапардан бас тартып, билетке жұмсалған ақшаны қайтаруды талап еткен. Алайда әуе компаниясы ұшу күндерін өзгертуге байланысты бұрын төленген соманы қайтарудан бас тартқан.

Осыған байланысты тұтынушы өз құқықтарын қорғауға көмек көрсету үшін Департаментке жүгінді.

“Өтінішті қарау барысында Департамент тұтынушы ұсынған құжаттарды, төлемдерді растайтын мәліметтерді және әуе компаниясымен жүргізілген хат-хабарларды зерделеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мәселе тұтынушының пайдасына шешілді”, – делінген ақпаратта. 

Нәтижесінде тұтынушыға жұмсалған қаражат толық көлемде – 593 356 теңге қайтарылды.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел пәтеріндегі аяқталмаған жөндеу жұмыстары үшін төлеген ақшасын сот арқылы қайтарып алғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 22:57