Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана маңындағы жағажайда бір үйдің екі қызы суға кетіп, көз жұмды

Суға кеткен балалар
Фото: istockphoto.com

Астана іргесіндегі су айдынында демалып жүрген 2015 және 2017 жылы туған екі әпкелі-сіңлілі қыз қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға Ақмола облысы Целиноград ауданының Қоянды ауылы маңындағы орталық жағажайда болған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, демалыс кезінде ата-анасы бір сәтке қыздарынан көз жазып қалған. Көп ұзамай екі қыздың да денесі су ішінен табылған. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері балаларға шұғыл көмек көрсеткенімен, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Ақмола облыстық полиция департаменті 10 тамыз күні Қоянды ауылындағы су қоймасының орталық жағажайында кәмелетке толмаған екі қыздың суға батып кеткенін растады.

Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында екі жеткіншек көлікпен бірге суға батып, көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 20:35