Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Егер сайлау күні басқа елді мекенде болсаңыз, қалай дауыс беруге болады: ОСК түсіндірді

Фото: gov.kz

Орталық сайлау комиссиясы сайлаушы сайлау күні басқа елді мекенде болса, қалай дауыс бере алатынын түсіндірді. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мұндай жағдайда сайлаушы есептен шығару куәлігін алуға құқылы.

“Егер дауыс беру күні басқа қалада, облыста немесе елде болып, тұрақты тіркелген жеріңіз бойынша дауыс бере алмайтын болсаңыз, қазір есептен шығару куәлігін алуға құқығыңыз бар. Осылайша, 23 тамызда болатын жеріңіз бойынша дауыс бере аласыз”, – делінген ОСК хабарламасында. 

Орталық сайлау комиссиясы еске салады:

  • Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға құқығы бар. Ол үшін жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну жеткілікті
  • Есептен шығару куәлігі 7 тамыздан бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі.

Есептен шығару куәлігін жеке өзіңіз, сондай-ақ сенімхат бойынша өкіл арқылы алуға болады. Сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді.

Сайлаушы болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.

Учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.

Айта кету қажет, есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.

Сондай-ақ баса назар аудару қажет тағы бір талап: бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі берілмейді.

Фото: t.me/electionelection/2050

 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 18:39