Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Astana LRT ісі: Сотталғандардың адвокаттары сот үкімін заңсыз деп санайды

Astana LRT ісі бойынша сотталғандардың адвокаттары сот үкімін заңсыз деп санайды. Іс бойынша үш айыпталушының қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізді. Олар алты ай бойы сот барлық мәліметтерді толық анықтамағанына сенімді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік айыптау бойынша сотталушылар бағаны негізсіз көтеріп, жалған жұмыс актілеріне қол қойған болатын. Адвокаттар бұған нақты дәлел келтірілген жоқ дейді. Олардың қорғауындағылар барлық жұмыс көлемін "үлкен" құрылыс басталғанға дейін аяқтаған деп отыр. 

“Жобалық-сметалық құжаттама жасалды, құрылыс құны бойынша есептеулер жасалды. Қазан айында құрылыс құны өте жоғары деп есептелді, сондықтан бұл жобаны тоқтата тұрамыз және келісімшартты бұзамыз деп шешкен. Әрі қарай, 2015-2016 жылдары қандай құрылыс болғаны, жобалық-сметалық құжаттама пайдаланылды ма, жоқ па? Бізге белгісіз”, – деді У.Ачиловтың қорғаушысы Жазира Жаншуақова.

“Бұл қылмыстық іс бағандарға қатысты қоғамдағы ашу-ызаны басу үшін ғана қолға алынған. Кінәлілерді сұраса "міне" деп көрсету үшін. Бірақ адамдарға бәрібір. Олар тіпті түсінбейді де”, –деді Д.Әбдіхамитовтың қорғаушысы Хамида Айтқалиева.

Адвокаттар аппеляциялық шағым түсірмекші. Айтуларынша, сотталушылар серіктестігі үшін ғана сотталған. Кімге және қалай көмектескенін сот нақтыламады деп отыр. 

Сонымен қатар бұл іске қатысы бар негізгі адамдар – "Астана LRT" компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков халықаралық іздеуде. Демек, олардың кінәсі әлі дәлелденбеген. Адвокат Нұрлан Оразалин қаржы жымқырды деп айыптайтын ешкім жоқ дейді.

“Айыптау қорытындысында ұйымдастырушылық рөлде – Ардан мен Сұлтанбеков. Бұл арада қорғаушы бұл мәселені бірнеше рет соттың алдына қойды. Олар жоқ және сотқа тартылмағандықтан, біздің клиенттеріміз Арданның немесе Сұлтанбековтың серіктестері деп қалай айтуға болады? Егер олардың кінәсі сот үкімімен анықталмаса”, – деді Ж.Нұрпейісовтың қорғаушысы Нұрлан Оразалин.

Бұған дейін "Астана LRT" жобасы бойынша қозғалған қылмыстық іске нүкте қойылып, кінәлілерге сот үкім шығарғаны хабарланған еді.

Талқылау