Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Асқазаны жыртылып, 4 қабырғасы сынып кеткен": Алматы облысында жүкті әйелдің өліміне себепкер перзентхана қызметкерлері жазаланды

Осыдан екі жыл бұрын бесінші сәбиін босануға кетіп, қайтыс болған Дильмира Мақсұтованың өліміне қатысы бар медицина мамандарына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданының перзентханасына босануға барып, асқазаны жыртылып, төрт қабырғасы сынып, денесі күйіп қалған келіншектің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Осыдан екі жыл бұрын бесінші сәбиін босануға кетіп, қайтыс болған Дильмира Мақсұтованың жақындары, дәрігерлер «салғырт әрекетін жасыру үшін, мәйітті күйдіріп, қорлады» деп шағымданған.

2018 жылдың 10 қазаны күні өз аяғымен перзентханаға баласын босануға кеткен Дильмира Мақсұтованың туыстары келіншектің күйген іздері бар мәйітін алып кеткен. 

"Өлді деп айтқан. Енді қайтыс болған адамның денесі кішкене ыстық болады. Апам денесінің қатты суып кеткенін айтады. Қайтыс болғанына біраз уақыт болып қалған. Бұлар денесін жылытамыз деп жылытқыш қолданған", - дейді келіншектің туыстары. 

Іске қорғаушы араласа бастағанда марқұмның қабырғалары сынып, асқазанының жыртылып кеткені де анықталған. 

"Біз үйге алып келгенде әйелімнің қабырғаларын сындырып тастаған. Денесін, аяқтарын күйдіріп тастаған. Одан кейін мен барып прокуратураға арыздандым", - дейді Радулин Самиев. 

Марқұм босануға барған күні екі гинеколог әйелінің жатырын алып тастап, әрі қарайғы отаны жасау үшін хирургты күткен көрінеді. Кезекші дәрігер не істеп тұрсыздар деп сұрағанда, ары қарай не істеу керектігін білмейміз деген. Жарты сағатқа келген хирург отаны жалғастырып, екі тамырды тігу керек болады. Бірақ сол жақ тамырын тігіп, оң жағын тігуді ұмытып кеткен. Сол тіккен жерден тағы да қан кетіп, келіншек қайтыс болған. 

Сараптама қорытындысында келіншек босанғаннан кейін көп қан кеткені, келіншектің асқазаны жыртылып, төрт қабырғасы сынғаны, аяқтарында күйік іздері бары жазылған. Осы отаға қатысы бар үш медициналық қызметкер сот үкім шығарды. 

"Сот шешімі бойынша Заитдинованы 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Мархабаева бір жыл. Бірақ балаларының кішкентай екенін ескеріп, сот шешімі 5 жылдан кейін жүзеге асырылады. Әубәркірова шартты түрде бір жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді", - дейді Рүстем Гаитов.

Талқылау