Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асылхан Төлепов: Мен Super Star KZ жобасына қатысып, екінші орын алғанмын

Қазақстандық актер Асылхан Төлепов қызықты оқиғасын айтып, оқырмандарының көңілін көтерді. Актер Super Star KZ жобасына қатысып, жеңімпаз болғанын айтты. Базарда банан сатып күн көргенін жеткізді. 

"Мен қалай Super Star KZ-ке қатыстым? Мектеп кезінде әркімнің арманы бар шығар: біреу президент болғысы келсе, біреу әкім болғысы келеді, біреу сахнаға шығып ән айтқысы келсе, біреу танымал актер болғысы келеді. Ал мен таэквондадан олимпиада чемпионы болғым келген. Алайда, алдында айтып кеткендей, өмір біз ойлағандай бола бермейді, өнер жолы алдымнан шыға келді.

Өнер жолындағы алғашқы қадамдарымның бірі - сол кезде дүркіреп тұрған Super STAR KZ-ке қатысқаным еді. Иә, көбісіңіз білмейтін шығарсыздар, бірақ айналадағы достарым, үлкен кісілер барлығы естігенде қатты қуанып, үміт артқан болатын.

Үміттерін ақтадым деп айта аламын, екінші орын алып қалғаным болмаса. Ең бірінші этапта, кастингтен әйгілі "Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен..." әнін айтып, аман-есен өткен болатынмын", - деп жазды ол парақшасында.

Айтуынша, өзі таэквондо шебері болуды армандаған. Алайда тағдырдың жазуымен өнер жолына келген. 

"Екінші кезеңде "Наурыз" әнін айтқанда да көрермендер мен әділқазылар оң бағасын берген болатын. Естеріңізге түсіп жатыр ма?

Үшінші кезеңнен сүрінбей өтіп финалға жеткенде белгілі бір себептермен қатыса алмадым. Ол қандай себеп дейсіз ғой? Сол кезде параллельно таэквондадан жарысқа барған болатынмын. Ол жақтан да екінші орын алып, жақындарымның үмітін кішкене ақтадым. 

Айтпақшы, әділқазылардың құрамында Нағима Есқалиева, Серик Акишев, Ляйля Сұлтанқызы болған жоқ. Музыкадан беретін апайымыз, ағам Артур, қазіргі кезде мықты копирайтер Данияр Жігітбек үшеуі болатын. Достар, негізі мен мектептегі Super Star KZ-ты айтып отырмын.

Мектепте, мойындаймын, озат болмадым, бірақ белсенді болдым.  Қандай да бір іс-шаралар болғанда мектептің атынан шығып орындар алып, сабақтағы "косяктарымды" жабатынмын. Жасырмаймын, сабақтарымда 3 болды. Бұл сөзіммен оқырмандарымды 3-пен оқыңдар деп шақырмаймын. 5-пен оқыңдар. Бірақ ең бастысы мақсаттарыңызды қоя біліңіздер! Баға ешнәрсе шешпейді", - деді ол.

Желі қолданушылары жақсы пікір жазып, актердің әншілік өнерін тамашалағысы келетінін жазып жатыр. 

"Достар, сіздерге бір ғана Super Star KZ-ке қатысқанымды айттым. Бұдан бөлек қаншама қызықты оқиғалар, қиыншылықтар басымнан өтті. Осылардың барлығы менің актер болуыма тікелей әсер етті. Мысалы, Алтын Ордада банан сатып ақша тапқан кездерім болды. Тіпті MEGA-ның өзі маған бананға тапсырыс беретін", - деді Төлепов.

Талқылау