Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ашық үгіттеймін": Ләйлә Сұлтанқызы коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Ол індеттен құтылудың жалғыз жолы осы екеніне сенімді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Кеше Hayat-Vax салдырдым. Вакцина туралы ауыз ашсаң, жазсаң болды, жан-жақтан жаман комменттермен бомбалайтын антиваксерлер армиясы қаптап кетеді. Білем.

“Жалпы халыққа жеккөрінішті болғың келсе, екпенің елге пайдасын айт. Сені қорлап, лағынет жаударады. Сондықтан сіздермен байланысқым келмейді”, - деп дәрігер Комаровский да айтқан еді.

Ектіргендердің көбі үнсіз қалатыны содан шығар. Үлгі көрсетуге жоқ. Үгіттегісі келмейді. Жаманатты болудан қорқады.

Ал мен ашық үгіттеймін! Вакцинаға көзқарасым оң. Сен, мейлі сенбе. Бәрібір бұл вирустан құтылудың жалғыз жолы осы. Ұжымдық иммунитет қалыптастырмайынша осылай жылдар бойы пандемиямен өмір сүретін түріміз бар. Шаршаған жоқсыздар ма?

Белгілі бір себептермен салдырмайтындарға қатысы жоқ", – деп жазды Сұлтанқызы желідегі парақшасында. 

Тележұлдыз екпе салдырып отырған сәтінен фото жариялады. Бұл ретте желі оқырмандарының пікірі екіге бөлінді. Арасында екпе салдыруды қолдап, жеке тәжірибелерімен бөліскендері де бар.

"Мен де салдырдым, қорқатын ештеңе жоқ. Өлетің күнімізді бір Алла ғана біледі", "Мен де хайат алдым, дым симптом болмады. Шүкір жақсымын", – дейді олар.

Ал екінші топ Сұлтанқызының шынайы екпе салдырғанына күмән келтіріп, екпеге қарсы шықты.

"Неге қолдарымен тығып, жауып салады, өтірік салып жатқан сияқты. Шын салса, иненің кіргенін неге көрсетпейді?", "Өкінішті, вирустан вакцина көмектеспейді. Иммунитеттеріңіз мықты болсын. Жыл сайын вирустар жаңара береді. Салдырсаңызда вирус жұқса ауырасыз, келешекте өмір басқаша болады, соған алдын ала дайындап жатыр", – деп пікір білдірді олар.

Талқылау