Асхат Аймағамбетов жаңа лауазымға тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Асхат Аймағамбетовті оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындау туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі лауазымынан босатылсын", – делінген құжатта.
Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін "тарихшы, тарих мұғалімі" біліктілігі бойынша тәмамдаған.
2006 жылы – Қарағанды "Болашақ" актуалды білім беру институтының заң факультетін "құқықтану" мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004–2005 жылдары "Аңсар" жастар лигасы" ҚБ төрағасы болған, 2005–2006 жылдары "МЕДИА СП" ЖШС директоры, 2006–2012 жылдары — ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған. Министр болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып істеген.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және Ғылым министрлігін екіге бөлу туралы жарлыққа қол қойған еді.