Асанәлі Әшімов: Бізде туысқангершілік, рушылдық дейтін оңбаған тәртіп бар
Асанәлі Әшімов қазіргі театр мен кино өнеріне баға берді. Актер тарихта қалатын шедеврлердің өткен ғасырда туғанын, ал бүгінде өнердің деңгейі төмендеп кеткенін Informburo.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ол бір өзі өмірдің заңы – қайтадан көтерілу үшін бір кезде төмен түседі. Аса төмен түсіп кетпей, келешекте үлкен дәрежеге жетсе деген тілегім бар. Армандауға болады ғой. Сенімім де бар. Солай болса құба-құп", – деді танымал актер.
Әшімовтің айтуынша, ел мәдениетін, әдебиетін дамытса, мемлекет барлық жағынан дамиды.
"Сондықтан театрға, киноға, драматургия саласына көп көңіл аудару керек. Күннен күнге тұқыртуға болмайды. Жемқорлық жайлаған заманда басшылар өнер саласын төмендетіп алған жағдайы бар, оны жасыра алмаймын. Ақша қуған, зат қуған миллиардерлердің жаман жағынан кесірі тиіп жатыр. Оны елдің бәрі іштей біледі.
Өскен елдер, өсетін елдер мәдениет пен ғылымға көңіл бөледі, қаражат салады. Сонда ел болады. Ақырындап өсіп келе жатқан көрші елдерге қарап ішің ашиды. Ақшасын шетелде сақтап, өзге елде үлкен-үлкен сарайлар салса, онда жағдайымыз төмендейді. Ол заңды нәрсе. Билікке елді ел, халықты халық қылатын, азаматтарының жағдайын ойлайтын басшылар келсе екен деймін.
Бізде құр бекерге мақтану көп. Бәлен елден алдамыз дейміз – бәрі өтірік. Жалпы өтірік көбейді, соған ішім ашиды. Қай жерге, қандай бастыққа барсаң да, өтірік айтып шығарып салады. Алдына бара беріп өзің ұяласың, жұмысың бітпейді. Әдебиет, мәдениет, ғылымға көңіл аудармаса, ел өшеді. Табиғаттың заңы – осы", – деп мәлімдеді өнер иесі.
Асанәлі Әшімов елімізде жемқорлық жайлағанын ашына айтты. Ол қалтаға миллиондарды басып, халықты мүлдем ойламайтын миллиардерлер жайлы пікір білдірді. Сондай-ақ руластары мен туыстарын жоғары қызметке қоятын шенділер жайлы айтты.
"Өнерді ұмытты. Экономиканы, сауда-саттықты бірінші орынға қояды. Затқұмар, ақшақұмар, долларқұмар. Халыққа пайдасы тимеген миллиардерлер бар. Кедей-кепшікке, қиын жағдайда қалған халыққа аз да болсын қол ұшын созбайды. Ақша болған сайын бола берсе дейді. Ақшаның астында қалып соңында өледі.
Туысқангершілік, рушылдық дейтін оңбаған тәртіп бар. Университет бітіре сала министр болады. Көргенімізді айтпасқа болмайды. Мен ештеңеден қорықпаймын. Жасарымды жасадым, аларымды алдым. Шындықты айтуым керек. Шындық сол", – деді актер.