Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артында үш баласы қалды: Қызылордада атыс кезінде қаза болғандардың бірі танымал боксшы болып шықты

7 мамыр күні Қызылорда көшесінде болған атыста мерт болғандардың бірі спортшы Қуандық Жүсіп болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Кәсіпқой боксшы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, WBA Gold нұсқасы бойынша қазіргі әлем чемпионы Қамшыбек Қоңқабаев әріптесінің қаза болғанын растады. Ол марқұм боксшымен бірнеше жылдан бері таныс болған.  

"Бірер күн бұрын Қызылордада болған атыс кезінде  Қуандық Жүсіп те қаза тапты. Екеуміз 2012 жылдан бері таныс едік. Бірге жаттығып, түрлі жарыстарға барып жүрдік. Бұлай болғаны өкінішті", – деді спортшы. 

Қуандық Жүсіп 1995 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Бокстан Қазақстанның спорт шебері.

Жаттықтырушысы Сейітжан Төкеновтің айтуынша, Қуандық болашағынан мол үміт күттірген спортшылардың бірі. Өзі үш баланың әкесі. 



"Ол бокстан түрлі халықаралық турнирлердің қатысушысы, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленді. Мысалы, Шымкентте Әбдісамал Нұрмахановты еске алуға арналған соңғы халықаралық турнирде Қуандық 3-орын алды. Дау-жанжалдан алыс, намаз оқитын жігіт еді. Үш бала тәрбиелеп отырған. Жуырда қалалық базарлардың біріне күзетші болып жұмысқа тұрды. Мұндай жағдайға қалай тап болғанын білмейміз. Адамдар түрлі нұсқа айтуда. Шын мәнінде не болғанын полиция анықтайды деп ойлаймыз", –  деді жаттықтырушысы. 

Айта кетейік, 8 мамырда Қызылордада атыс болып, үш адамның мерт болғанын хабарладық. Ал бүгін үшеуіне оқ атқан күдіктілердің ұсталғаны белгілі болды. 

Талқылау