"Артында бес баласы қалды": Алматыда балаларды ұрып артынша өзіне қол жұмсаған тәрбиеші туралы жаңа деректер айтылды
Алматы балабақшаларының бірінде балаларды оқтаумен ұрған, кейіннен өз-өзіне қол жұмсаған тәрбиешінің артында кәмелетке толмаған бес баласы қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.
43 жасына қараған шағында суицид жасаған әйелге қатысты полиция қылмыстық іс қозғаған еді. Тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 140-баптың 2 бөлігімен тергеу басталып қана қоймай, жұмыстан да қуылды. Істі болған тәрбиешіге "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеуде міндеттерді орындамау" деген айып тағылды.
"Артында бес баласы қалды. Ең кішісі үш жаста", - деді білім басқармасы.
Ал тәрбиеші жұмыс істейтін "Сәби бала" жекеменшік балабақшасының Анар есімді меңгерушісі "Қанша баласы бар екенін білмеймін, сөйлесетін жағдайда емеспін",- деп жауап берген.
Жетісу ауданында орналасқан бұл балабақшаға 100-ден астам бүлдіршін барып жүр. Алматы қаласындағы білім саласын бақылау департаментінің мәліметінше, балабақшаларға лицензия берілмейді. Мемлекеттік мекемелерден қажетті құжаттарды жинап қана жұмыс істей береді.
- "Бетінен тыртықтар байқадым": Алматы балабақшасындағы оқиғадан кейін ата-аналар күдіктерін айтты
- Атыраудағы магнит жұтып, қайтыс болған баланың өлімі: Дәрігерлер амнистия бойынша түрмеден қашып құтылды
"Шағым түскен жағдайда прокуратураға тіркеліп қана тексеруге шыға аламыз. Биыл жекеменшік балабақшаларды тексермедік, мемлекеттік білім беру орындарына тексеру жүгіздік. Ата-аналар бірден арызданған соң тәрбиеші тергеуге алынып, іс қозғалған. Бізге шағым түспеді, жағдайды БАҚ арқылы білдік. Балабақшаларға лицензия берілмейді. Олар санитарлық бақылау, өрт сөндіру қызметі сынды өзге де мемлекеттік мекемелерден құжаттарын алып жұмыс істей береді. Сосын бізге хабарлайды. Біз білім беру мекемелерін аттестациялаумен айналысып жатырмыз", - деді Алматы қалалық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі бөлім басшысы Гүлдана Омарова.