Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артық сөйлеп қоямыз": Айнұр Тұрсынбаева ой саларлық жазба жариялады

Танымал айтыскер ақын, психолог-коуч Айнұр Тұрсынбаева адамдарды жақсы сөз сөйлеуге үндеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/aidyn_nury/

Өнер иесі есімі елге белгілі адамдардың аузынан шыққан сөзі орындалып кеткенін мысалға алды. 

“Абайлап сөйлейікші. Қыршынынан қиылған Денис Теннен "спортта қай жасқа дейін жүресің?" деп сұрағанда, "25 жасқа дейін" деп жауап берген. Оның 25-ке жетпей қаза тапқаны естеріңізде шығар…

Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбіне сөзді:
"Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын" деп бастайтын...
Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан Асылбек Ишанов деген ақын бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында:
"Бір күнде бес ақынмен,
Айтысып бәрін жеңетін,
Оразалының жолын бер" деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы ұқсап жол апатынан қаза тапты.
Атақты Жәнібек Кәрменовтың керемет термесі бар, сол терменің ішінде "Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың" деген жолдар бар. Сол Жәнібек ағамыздың жолға жалғыз шығып кетіп жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес... Атақты Мұқағалидың да:
"Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде" деген өлеңі бар.. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді”, – деп жазды айтыскер ақын. 



Коуч-психологтың айтуынша, адам ұрысқанда да жақсы сөз айтып ұрысу керек екен. 

“Біз көбіне сөзге мән бермей жатамыз. Әсіресе, ашулансақ, балаларға ұрыссақ, артық кетіп қаламыз. "Өстіп жүріп бір бәлеге ұрынасың, суық тиіп өлесің, оқудан шығарып жібереді, адам болмайсың, енеңнен таяқ жейсің, басыңды асырай алмайсың" деген сияқты артық сөздерді айтып жібереміз. Исламда "жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме" деген xадис бар. Ендеше жақсы ойлап, тек жақсы сөз айтып үйренейік. Сонда бәрі де жақсы болады”, – деп кеңес берді айтыстың аққуы. 

Айта кетейік, Жеңіс Ысқақова айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваны елге ақыл айтқаны үшін сынаған еді. 

Талқылау