Арменияда Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарына қарсы наразылық акциялары өтуде
Ереванда 19 қыркүйек күні Таулы Қарабақтағы Әзірбайжанның әскери операциясына байланысты тұрғындар наразылық акциясына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет: Reuters
Армения үкіметінің ғимаратына жиналғандар елдің премьер-министрі Никол Пашинянды Таулы Қарабатағы жағдай үшін айыптады. Олар "Никол - сатқын" деп ұрандатты.
Наразылық акциясына қатысушылар биліктен Таулы Қарабақтың армян халқын қорғауды және Әзірбайжанды бомбалауды талап етеді.
Тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс пайда болды. Полиция жеңіл шу гранаталарын қолданған. Ал наразылық білдірушілер полицейлерге тас пен пластикалық бөтелкелерді лақтырды.
Осы уақытта Арменияның ұлттық қауіпсіздік қызметі елдің "ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің алдын алу үшін" шаралар қолданатынын ескертті.
Тағы бір наразылық Ресейдің Еревандағы елшілігінің жанында өтті. Жиналғандар Таулы Қарабақта орналасқан Ресей бітімгерлерінен аймақ тұрғындарын Әзірбайжан агрессиясынан қорғауды талап етті.
Елшілікті ереуілшілер жауып тастады да, соның салдарынан қызметкерлер ғимараттан шыға алмады. Кешке наразылық білдірушілер елшілік ғимаратынан кетіп қалды.
Пашинян Арменияның соғыс іс-қимылдарына араласпағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, операция Таулы Қарабақтағы елді мекендерді бақылауға алу және Қарабақ армяндарына этникалық тазарту жүргізу үшін басталды.
"Таулы Қарабақта Арменияның қарулы күштері жоқ. Қаншалықты қиын болса да, кейбір күштерге, сыртқы және ішкі күштерге армян мемлекетіне соққы беруге мүмкіндік бермеуіміз керек", – деді Пашинян.
19 қыркүйек күні таңертең Әзірбайжан Таулы Қарабақта "терроризмге қарсы іс-шаралар" жүргізетінін жариялады және танылмаған республиканың, оның ішінде астанасы Степанакерттің аумағын шабуылдай бастады.