Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денсаулығым күннен күнге нашарлап барады": Cот Арыстанбек Мұхамедиұлының үйқамаққа жіберу туралы өтінішін қабылдамады

Бүгін Астанада бұрынғы мәдениет министрі, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша басты сот талқылауы болды. Істі қараған судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлының үйқамаққа жіберу туралы өтінішінен бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Іс судья Бағлан Ыдырысовтың төрағалығымен Байқоңыр ауданының №2 сотында қаралды. 

Экс-министрден бөлек, сот алдына "Экспонат" ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов және компанияның бухгалтері Айым Сәдуақасова, сондай-ақ Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразхан келді. Сәдуақасовадан басқа барлық сотталушы Астананың тергеу изоляторында қамауда отыр.

Сотта адвокат Төлеев алдын ала тыңдау өткізіп, өзінің қорғалушысы Мұхамедиұлына қатысты істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатуды өтінді. Сондай-ақ ол экс-министрдің зейнет жасы мен денсаулығын ескеріп, бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Мұхамедиұлының өзі адвокатының өтінішін қолдады.

"Бірнеше күн бұрын маған екінші ота жасалды. Осыған байланысты мені үйқамаққа жіберуді сұраймыз. Денсаулығым күннен күнге нашарлап барады, үйқамаққа ауыстыру ақылға қонымды болар еді", - деп мәлімдеді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.

Алайда судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады.

Сот Мұхамедиұлы үшін бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстырудан бас тартты. Судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлына ауыр қылмыс жасады деп айып тағылғанын, сотталушы бостандықта бола отырып, істің объективті қаралуына кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.  

Соттың пікірінше, бұрынғы мәдениет және спорт министрінің ауруы бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Сотталушы тергеу изоляторы жағдайында медициналық көмек ала алады.

Айта кетсек, сотталушы Көшенов актер Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде сотқа шақыруды сұраған. Оның айтуынша, актер оның Мұхамедиұлымен байланысы туралы мәліметтерді жариялаған.

Алайда судья Бағлан Ыдырысов Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлының сотына келмейді деген шешімге келді. 

Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген.

Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.

Еске салсақ, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда тұтқындалды. Ол "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесіне бөлінген миллиондаған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді.

Талқылау