Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әр сәтсіздігіне өзгелерді кінәлайтын азаматтар өмірлерін қалай жақсарта алады?

Әлемдегі он алты елді аралап, бір жылын Еуропада өткізген жас коучер Тимур Исмазов ойды өзгертіп, өмірді өзгертуге кеңес береді. Кезінде басынан үлкен сынақты өткізіп, жүру қабілетінен уақытша айырылған ол қазіргі уақытта адам әлеуетін ашып, оны дамытуға бар ықыласын арнаған. Тимур Исмазов Stan.kz тілшісіне өмірді өзгерту үшін қандай амалдар жасау керектігін, ойды қалай өзгерту қажеттігін айтып беріп, өзінің басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

Тимур Исмазов қазір Нархозда, халықаралық қатынастар мамандығының соңғы курсында біліп алып жүр. Бірақ Исмазовтың айтуынша, мамандық бойынша жұмыс істеу оның жоспарында жоқ. Себебі, кезінде ол осы саланы өз еркімен емес, ата-анасының қалауымен таңдаған екен. Қуанышқа орай, ол өзінің жақсы көретін ісін дер кезінде тапқан.

Университет қабырғасында оқып жүргенде бірінші курстан бастап түрлі стипендиялардан үміткер болған ол, үшінші курста Испаниядағы оқу орындарының бірінде білім алуға мүмкіндік алады. Тимур Исмазов осы жеткен жетістігімен шектелмей, шетелде жүріп, бағын сынайды да, Австриядағы ЖОО-ға өзі қалаған мамандыққа түседі.

“Испанияда оқып жүргенде халықаралық қатынастар мамандығы менікі емес екенін түсіндім. Бір саланы беріліп зерттеу үшін, оны жан-жүрегіңізбен жақсы көріп, жалындап жанып тұру керексіз. Халықаралық қатынастар дегенде мен жалындап жанбадым. Австрияда мамандығымды ауыструға мүмкіндік болды, соны пайдаланып, халықаралық менеджментке ауыстым. Бұл мамандық кәсіпкерлік, маркетинг сынды түрлі салаларды қамтиды. Шетелде осы саланы оқыдым. Бірақ қазір Нархозда халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуымды аяқтап жатырмын.

Алдағы уақытта бұл сала бойынша жұмыс істемейтінімді білемін. Оқып жүрген адамдарға тыпырлап, соңына дейін өздерін барлық жерде сынап көруге кеңес беремін. Студенттік шақ негізі адам өзін іздеп табуы үшін берілген ғой. Бізде қазір мектепті тәмамдауға жақындаған оқушылар мамандық таңдауға келгенде қиналады. Қай мамандықты таңдаған дұрыс екенін түсінбейді. Сосын қоғам немесе ата-аналарының айтқанына құлақ асады. Өзім қолымнан келгенше талпынып, мақсатыма жеттім. 

Студенттік кезеңде адам әлеуетінің құпиясымен қатты қызықтым. Маған адамның тұлға ретінде қаншалықты дами алатыны, өз өмірінен қаншалықты пайда шығаратынын білу қызықты көрінетін. Психологияны тереңнен зерттедім. Қазір жеке сұраныстар бойынша, адамдарға жеке консультация беремін. Коучингпен айналысып жүргеніме жарты жыл болды”, — дейді ол. 

Адам әлеуетін дамытуды көздеген коучер ретінде кеңесіңізбен бөліссеңіз. Біз бірінші кезекте қай қабілетімізді жаттықтыру керекпіз?

Санадан өткізу қабілетін. Бұл абсолютті бірегей құрал шығар. Егер адам үнемі санадан өткізу қабілетін жаттықтырып тұрса, басындағы ойларының ағынын бақылап, басқара алады. Біздің әр күн сайынғы ойларымыз өмірімізге әсерін тигізеді. Мұны жақсы білеміз.

Санадан өткізу қабілетінің арқасында адам ойлардың ағынын басқара отырып, оларды өзі қалаған жерге бағыттай алады. Адамдар ең алдымен осы қасиетті жаттықтыруы тиіс.

Тіпті ұрыс кезінде, күйзелісті шақтарда, жеке дүниелер мен қарым-қатынастарда санадан өткізудің пайдасы зор. Өзіңіз бір жерде қателескеніңізді түсінсеңіз, бірнеше сұрақтарды қоясыз. Мен санадан өткізу қабілетін өз-өзіңмен диалог жасау деп түсінемін. Мысалы, "Қазір мен нені ойлап жатырмын?", "Ол ойлауға тұра ма?", "Мен оны неліктен ойлап жатырмын?" деп өз-өзіңізден сұрайсыз. Осылай ішкі диалог құру арқылы бірінші қабілетіңізді, яғни санадан өткізуді дамытасыз. 

Сонымен қатар, адам өзінің пікірлері әрі ұстанымдарымен жұмыс істеуі тиіс. Нақтырақ айтқанда, пікірлерінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, негативті екенін анықтауы үшін өз-өзін сынай білуі керек. "Ертең бүгінгіден де жақсы адам боламын" деген ниетіңіз болса, бірінші кезекте санадан өткізу қабілетімен жұмыс істеңіз.

Бірақ әрдайым негативті ойлайтын адамға ойды өзгерту оңай емес шығар. Сосын әр сәтсіздігіне өзгелерді кінәлайтындар жоқ емес. 

Өзім сондай болдым. Өмірге сенім артпайтын, қатты негативті едім. Бүкіл әлем маған қарсы секілді көрінетін. Расында өмірдің өзіме дұшпан емес екенін түсініп, ойымды өзгертуіме жарты жыл кетті. Адам — өз ойының жемісі. Ойды өзгертуге болады, бірақ көбінесе адамдар жайлылықтан шыққысы келмейді. Олар іштегі өкпе-ренішті сыртқа шығаруды жалғыз шешім деп санайды. 

Санадан өткізу қабілетінің жоқтығынан, өз өмірі үшін жауапкершілікті алуды білмеген соң адам барлық сәтсіздікті өзгелерден көреді. Олар сәтсіздікті өздері шақыратынын түсінбейді. Адам әр оқиғаға, әр сөзіне толығымен жауап береді. Тіпті, тонап кетсе де, аварияға түсіп қалсаңыз да, барлығын өзінің шақырдыңыз. Өз сөзіңізге толығымен жауапкершілікті алу керек. Адам дүмбілездіктен ғана басқаны өз қателіктері үшін кінәлайды.

Өзіңіз байқаған боларсыз, кейбір адамдар өзіне қарағанда өзгелерге сенім артады. Қиын жағдайға тап болса бірінші кезекте мемлекет, үкіметтен көмек күтетіндер жоқ емес. Біреуге сенім артуды қалай қоюға болады?

Бұл проблема, негізі, балалық шақта пайда болады. Бала дербес болуды енді ғана үйреніп келе жатқанда ата-анасы араласып, оған көмектесе бастайды. Ата-анасы аса қамқорлық көрсетіп, оған қолайлы жағдайлар жасаған соң, бала да өз бетінше қадамдар жасауды, іс-әрекеттерге баруды білмейді. Сосын ол жасөспірім болғанда, есейгенде үнемі ата-анасы көмектесетінін көкейіне құйып алады. "Ата-анам маған үнемі көмектесті ғой, демек мемлекетте, бүкіл әлемде маған көмектесуі тиіс" деп ойлайды.

Осыдан өз өміріне  жауапкершілікті алуды білмеу, үнемі біреулерді кінәлау деген қасиеттер пайда болады. Жалпы, балалық шақта жатталып қалған, көкейге құйып тастаған ұстанымдармен жұмыс істеу қиындау.

Сөзбен айту оңай, іспен жүзеге асыру қиын болса да, адам өз өміріне жауапкершілік алуы керек. Адам өзінің естілігі мен санадан өткізу қабілетін жаттықтырғанда үкіметтен көмек алу үшін үкіметке көмек көрсету керектігін түсінеді.

Егер мемлекеттің сізге бірнәрсе бергенін қаласаңыз, бірінші өзіңіз бере бастаңыз, бірнәрсе істеңіз. Адамның қолы ашық болуы тиіс, яғни ол беріп тұруға ұмтылуы керек. Ғаламдағы энергетикалық алмасудың қағидасы осындай. Жасаған жақсылығыңыз басқа жағдай арқылы өзіңізге еке еселеніп қайтады. Мен достарма коуч сессиялары арқылы көмектесемін, жұмысым үшін ешнәрсе алмаймын. Бірақ еңбегім басқа жолмен игілік ретінде өзіме оралатынын білемін. Өмірге, барлық іс жақсылықпен аяқталатынына сену керек.  

Осыдан үш жарым жыл бұрын қайтадан аяғыңызға тұрып кететініңізге сенімсіздік танытыпсыз. Есейгенде қайтадан жүруді үйреніпсіз. Мұндай күйге түсуге не себеп болды? Оқиғаңызбен бөліссеңіз. 

Эмоционалды түрде күйіп кеткенімнің салдарынан күндердің бір күнінде аяқтарым істемей қалды. Бірінші курста оқығанымда мен қатты асығатынмын, барлығын жасап үлгеруге тырыстым, бәріне үлгердім де. Дебаттарға қатысып, бокс пен тхэквандоны қатар алып жүрдім, балаларды жаттықтырдым, сабақ үлгерімім де жасқы болатын.

Әртүрлі конференцияларға қатыстым. Моральды және физикалық түрде осының барлығы маған ауыртпалық салды. Ағзамды тыңдап демалуым керек еді, бірақ мен істеп жүрген жұмысымды жалғастыра бердім. Ақырында денсаулығым сыр берді.

Ем қабылдау мақсатында Алматыдан Таразға, ата-анамның үйіне оралдым. Жүре алмадым, аяқтарымды қозғалтуға шамам келмеді, қатты ауырдым. Осы ауруды жақсы білетін дәрігерлерде емделдім. Жүріп кетуім үшін ұзақ уақыт кетті. Аяқтарымның жанымды қинап, ауырғаны сонша, ауырсынуды басатын екпелерді үнемі қабылдап отыруға мәжбүр болдым. Олардың көмегінсіз ауруға төзу мүмкін емес еді. 

Ата-анам, әсіресе әкем маған қатты көмектесті. Әкем "қайтадан аяғыма тұра алмаймын" деген нұсқадан құтылу керектігін менің көкейіме құйып қойды.

Ал өзім басында бірнеше күн бойы "өмір осымен аяқталды", "жүре алмаймын" деп ойлағанмын. Спорт та жайында қалды. Жеке қажеттіліктерді істей алмайтындай дәрежеге жеткенде спорт туралы әңгіме де қозғалмайды. Түбінде уақытылы ем қабылдаудың, жақсылықты ойлаудың арқасында мен сол жағдайдан шыға алдым.

Сол кезде мен Фридрих Ницше айтқан "астам адам" болуға талпындым. Бұрын өзінің ерік-жігерін басқара алатын жанды "астам адам" деп ойлайтынмын. Қазір бұл мағынаға өз-өзінің ағзасын тыңдап, онымен келісімге келуді білетіндерді жатқызамын. 

Әлі де денсаулығымды мазалайтын дүниелер бар. Бірақ мен белсенді түрде спортпен айналысамын, спорт залға барып жаттығамын және таэквандомен айналысамын. Қазір спортшы ретінде өнер көрсетпесем де, бұрынғы тәсілдерді шамамен жасай аламын. 

Осы жағдайдан кейін өзіңіздің өмірдегі борышыңызды айқындаған боларсыз? Сіздің осы оқиғадан соң, он төрт елді аралағаныңызды білеміз. Саяхаттау көзқарасты өзгертуге септігін тигізген болар?

Психосоматиканы тереңнен зерттей бастадым. Бізде Қазақстанда психосоматика еленбейді. Адамдар өздерінің ағзасын тыңдамайды. Ағзаның қалай жұмыс істейтінін, квантты физиканы, биологияны зерттедім. Адам ойлары, армандары қалай орындалады?

Олардың орындалуына мидың қандай бөлігі жауап береді? Осы жайында іздендім. Бір адамға өмір бойы барлығы оңай беріледі, ал басқасына керісінше қиын жолмен келеді. Мұның себебі неде? Осыны анықтадым. Сонымен қатар, адам мен ғаламның байланысы қандай екенін түсіндім. Қазір мен алған білімімнің арқасында ресурсты жағдайымды ұстай аламын. Нақтырақ айтқанда көбірек тиімді болуға және осылай мақсаттарыма жетуіме тырысамын. 

Саяхаттау — мен үшін сөзбен айтып жеткізуге келмейтін кванттық қарғу болды. Көптеген адамдар саяхаттаудың маңыздылығын түсінбейді. Оларға саяхат деген тек естеліктер болып көрінеді.

Бірақ негізінде оның түпкілікті мағынасы адамдар ойлағаннан да тереңде жатыр. Адам өзінің жайлылылық зонасынан шыққанда өмірлік картасын кеңейтеді. Өмірлік карта — адамның өмірдегі мүмкіндіктерінің көрсеткішін көрсетеді. Адам өмірде көп нәрсе көріп, дүниеден көп тәжірибе алған сайын, оның басындағы нейронды торлар да үлкейеді.

Торлар үлкейе түскенде адамның өмірдегі мүмкіндіктерінің саны артады. Ол дұрыс нұсқаулардың көмегімен оң шешімдерді көбірек шығара алады. Саяхаттау картаның үлкеюіне септігін тигізеді. Бірнеше елдің мәдениетімен танысып шығып, саяхаттаған адам картасын үш есе үлкейте алады. Сәйкесінше өзіне жағымды заттарды тартады.

Оқуды бітіргеннен кейін немен айналысуды көздеп отырсыз?

Жоспарларым жаһанды. Жаһандылықты жақсы көретін адам ретінде, алға қойған мақсаттарымды қаланың, елдің көлемінде талқылай алмаймын. Себебі, олар өте үлкен.  Адам әлеуетімен жұмыс істегім келеді. Бізде адамдардың көбісі не үшін өмір сүріп жатқанын білмейді. Өмір бойы жақсы көрмейтін жұмысын істеп, неліктен сол мамандықта оқитынын түсінбей жүргендер бар.

Адамдар өздерінің мықты тұстары мен кемшіліктерін бір-бірінен ажыратуды білсе екен деймін. Әрқайсысы санадан өткізу қабілетін жаттықтыра білсе, мен үшін ол қуаныш. Сөздің шыны керек, біздің елімізде психосоматика мамандары жоқтың қасы. "Сіз эмоциялық тұрғыдан күйіп кеттіңіз, қатты ашуландыңыз немесе кеше негатив көп болды, сондықтан ауырып қалдыңыз", — деп айтатындар жоқ.

Адамдар барлық қырынан ашылып, орташа есеппен алғанда жетпіс бес жылға созылатын өмірлерінде жұлдыздай жарқ етсе деген тілегім бар. Мен осы тақырыпты тек қана Қазақстанда емес, барлық әлемде танытқым келеді.

 

 

Автор: Айару Шаймерден

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау