Ақтөбеде төрт адамның қазасына себеп болған жүргізуші бұрын ақталғанымен, қайта сотталды

Ақтөбе облысында әкесі мен үш баласының өмірін қиған жол апатына қатысты іс қайта қаралып, бұрын ақталған Қырғызстан азаматы, жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысында әкесі мен үш баласының қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Қайғылы оқиға 2023 жылғы 21 ақпанда Әйтеке би ауданында болған. Mitsubishi Montero Sport жеңіл автокөлігі мен Volvo жүк көлігі соқтығысып, салдарынан ер адам мен оның кәмелетке толмаған үш баласы көз жұмды.
Алғашында жол талғамайтын көлікті басқарған әйелге айып тағылғанымен, сот оны ақтап шықты. Кейін тергеу жүк көлігінің жүргізушісі Қырғызстан азаматы Рамазан Инфуровқа қатысты жүргізілді. Айыптау тарапының мәліметінше, апатқа Volvo жүк көлігінің қарсы жолаққа шығып кетуі себеп болған.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. 2026 жылғы 16 наурызда алқабилердің көпшілік даусымен жүргізуші кінәсіз деп танылды. Алайда 29 сәуірде бұл ақтау үкімі жойылды. Себебі сот алқасы істі қарау кезінде алқабилер құрамына жанама түрде мүдделі және өз міндеттерін атқаруға дайын емес адамдардың енгізілгенін анықтаған.
Оқыңыз19 маусымда іс қайта қаралып, алқабилер Рамазан Инфуровтың кінәсі дәлелденді деген шешім шығарды. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзып, салдарынан төрт адамның қаза болуына себеп болғаны үшін:
- 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
- 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды;
- Жазасын қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтейтін болды;
- 22 355 теңге көлеміндегі процессуалдық шығындарды өтеуге;
- Зардап шеккендерге өтемақы қорына 51 750 теңге төлеуге міндеттелді.
Еске салайық, бұған дейін жол апаты 4 қаңтарда Атырау-Орал тас жолында болған. Mercedes жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, "Газельмен" соқтығысқан. Салдарынан "Газель" өртеніп, жолаушы әйел оқиға орнында қаза тапқан, ал жүргізушісі ауыр жарақат алған. Кейін сот Mercedes жүргізушісін кінәлі деп танып, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады