Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ниқаб киген екі әйел смартфон ұрлаған

ниқаб киген ұрлықшылар
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде екі әйел ниқаб киіп, ұялы байланыс дүкенінен қымбат смартфондарды екі рет ұрлаған. Кейін олар ұрланған телефондарды ломбардқа өткізіп, ақшасын жеке қажеттеріне жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелердер бетперде немесе балаклава орнына ниқаб киіп, ұялы байланыс дүкеніне барып, қымбат смартфондарды ұрлап кеткен. Осылайша олар бұл әрекетті екі рет қайталаған.

Ұрланған телефондарды кейін ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Полицияның мәліметінше, күдіктілер қолданған мұндай "бүркемелеу" тәсілі бастапқыда олардың жеке басын анықтауды қиындатқан.

Алайда жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде олардың тұлғасы анықталып, тергеу барысында әйелдер кінәларын толық мойындаған. Олардың айтуынша, ниқаб киюі діни сеніммен байланысты болмаған.

Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді, оның ішінде ниқаб, балаклава, маска және осыған ұқсас жабындарды киюге тыйым салынады.

Сонымен қатар бұл шектеулер адамның жүзін жаппайтын әрі жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін діни киімдерге қолданылмайды. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін 22 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Еске салайық, бұған дейін Астанада мешіт аумағында намаз оқып жатқан азаматтың сөмкесінен iPhone 13 телефоны ұрланғаны хабарланған еді. Күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, полицейлер оны қала көшелерінің бірінде ұстады. Ұрланған телефон иесіне қайтарылып, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 10:31