Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та 60 елден келетін тауарларға қосымша баж салығын енгізуді ұсынылды: Тізімде Қазақстан да бар

АҚШ туы
Фото: istockphoto.com

АҚШ-та 60 елден импортталатын тауарларға қосымша баж салығын енгізуді ұсынылды. Тізімде Қазақстан да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

АҚШ-тың Сауда өкілдігі (USTR) 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бабы аясында жүргізілген тергеудің нәтижелерін жариялады. Тексеру қорытындысы бойынша өкілдік бірқатар мемлекеттердің мәжбүрлі еңбек қолдану арқылы өндірілген тауарлардың импортына қарсы жеткілікті деңгейде тиімді шаралар қабылдамай отырғанын анықтаған.

Жарияланған есепте 60 ел мен экономиканың тергеуге іліккені айтылған. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

АҚШ-тың Сауда өкілдігінің (USTR) мәліметінше, бұл мемлекеттер “мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импортына тыйым салмаған және оны тиімді түрде орындатуды қамтамасыз етпеген”. Қазақстаннан бөлек тізімге енген елдер арасында Австралия, Аргентина, Бразилия, Қытай, Үндістан, Израиль, Жапония, Кувейт, Малайзия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, Швейцария, Таиланд, Ұлыбритания, БАӘ және Вьетнам бар.

АҚШ-тың Сауда өкілдігі мұндай өнімдердің импортына тосқауыл қою бойынша тиімді шаралардың болмауы америкалық өндірушілер үшін әділетсіз жағдай туғызады және АҚШ-тың сауда мүдделерін шектейді деп санайды.

Тергеу нәтижелеріне байланысты өкілдік тізімге енген елдерден келетін тауарларға қосымша кедендік баж салығын енгізуді ұсынды. Ал мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген өнімдерді импорттауға тыйым салған немесе осы бағытта тиісті міндеттемелер алған мемлекеттер үшін 10% көлемінде қосымша баж салығын енгізу қарастырылған.

Қалған елдер үшін АҚШ-тың Сауда өкілдігі қосымша тарифті 12,5% деңгейінде белгілеуді ұсыныпған.

Түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. 6 шілдеге дейін АҚШ билігі ұсынылған шаралар бойынша жазбаша пікірлерді қабылдайды, ал 7 шілдеде қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың жоғарғы соты президент Трамптың әлем елдеріне баж салығын көтеруін заңсыз деп танығаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 22:58