Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ пен Иран жаңа соққылармен алмасты: Мұнай бағасы барреліне 90 доллардан асты

Иран мен АҚШ соққылары
Фото: US Central Command

АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс қайта ушығып, екі тарап бір-біріне жаңа шабуылдар жасады. Жағдайдың шиеленісуі Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қауіп төндіріп, әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 90 доллардан асырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ Иранға кезекті әуе шабуылдарын жасады. Бұл Вашингтон мен Тегеран арасындағы бітім тоқтағаннан кейінгі тоғызыншы түн қатарынан жасалған соққылар. Ал Иран Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери нысандарға жауап ретінде шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Қақтығыстың күшеюі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасының қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызды. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90 доллардан асты.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонға оралғаннан кейін журналистерге "Бүгін түнде біз оларға тағы да өте ауыр соққы жасадық" деді. Оның айтуынша, шабуылдар қаза тапқан үш америкалық әскери қызметкердің құрметіне жасалған.

АҚШ мәліметінше, екі әскери қызметкер Иорданиядағы америкалық базаға жасалған ирандық шабуыл кезінде қаза тапқан. Тағы бір сарбаз Ирактың солтүстігінде ирандық дроннан қалған жарылмай қалған оқ-дәріні залалсыздандыру кезінде көз жұмған.

Соғыс басталғалы бері АҚШ-тың 17 әскери қызметкері қаза тауып, 420-дан астамы жараланған.

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) шабуылдардың Иранның әскери нысандары мен байланыс жүйелеріне бағытталғанын хабарлады.

"Бұл тоғызыншы түн қатарынан жасалған операция. Басты мақсат – Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда кемелеріне қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету", – делінген CENTCOM мәлімдемесінде.

Екі ел арасындағы соғыс қимылдары 8 шілдеде қайта басталды. Кейін Дональд Трамп маусымнан бері жалғасқан бітімнің тоқтатылғанын жариялады.

Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбіге қараған түні АҚШ Тебриз, Чабахар, Конарк, Бендер-Махшехр және Бендер-Имам-Хомейни қалаларына зымыранмен соққы жасаған.

Ал Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Сириядағы Эт-Танф ауданында орналасқан америкалық күштердің арнайы операциялар штабына шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Бұған дейін Иран Кувейттегі Әл-Адири лагері мен Әли әс-Салем әскери әуе базасына дрондармен шабуыл жасаған болатын. Бұл нысандар соңғы аптада бірнеше рет соққыға ұшырады.

Кувейт билігі қатарынан екінші күн тұщыландыру зауытына шабуыл жасалып, өрт шыққанын хабарлады. Ел үкіметі мұны азаматтық инфрақұрылымға жасалған тікелей шабуыл деп бағалады.

Ормуз бұғазы және мұнай

АҚШ пен Иран арасындағы ашық әскери қақтығыстар қайта басталғалы бері Ормуз бұғазы арқылы энергия тасымалдаудың тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық сақталып келеді. Екі тарап та бір-бірін бірнеше рет атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптап жатыр.

Тегеран АҚШ-ты соғысқа дейін әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазын бақылауға алуға ұмтылып отыр деп айыптайды.

Өз кезегінде АҚШ еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету және Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету көзделген өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін бір ай өткен соң теңіз блокадасын қайта енгізді.

Бұған дейін Иран Вашингтон меморандумның бірнеше тармағын бұзды деп мәлімдеп, Ормуз бұғазын бұғаттайтынын жариялаған еді. Иран тарапының айтуынша, АҚШ бұғаз арқылы өтетін кеме қозғалысына жауапкершілікті Тегеранға жүктеу жөніндегі келісім шарттарын да орындамаған.

Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларын әлсірету, сондай-ақ Тегеран қолдайтын өңірлік қарулы топтардың әлеуетін төмендету мақсатында Иранға соққы жасағаннан кейін басталды.

Содан бері мыңдаған адам қаза тапты. Құрбандардың басым бөлігі Иран мен Ливан тұрғындары.

Соғыс сондай-ақ энергия тасымалына елеулі кедергі келтіріп, әлемдік инфляцияның өсуіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Қақтығыстың кезекті ушығуы аясында дүйсенбі күні мұнай бағасы тағы 3 пайызға өсті. Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 90 доллардан асып, 11 маусымнан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс шілде айының басында қайта ушығып, тараптар бір-біріне әуе және зымыран соққыларын жасады. Кейін Анкарадағы НАТО саммиті қарсаңында атысты тоқтату туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылған еді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп келісімнің күшін жойғанын мәлімдесе, енді Иран да Вашингтон барлық міндеттемесін бұзғанын айтып, меморандумның енді заңды күші жоқ екенін жариялады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 17:44