АҚШ 60 елге қосымша баж салығын енгізбек: Тізімде Қазақстан да бар

АҚШ-тың Сауда бойынша өкілдігі 2 маусымда 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бабы аясында жүргізілген тергеулер туралы есеп берді. Сондай-ақ 60 елден келетін импортқа қатысты жаңа кедендік баж салығын енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Жүргізілген тергеулер АҚШ-тың сауда серіктестері мәжбүрлі еңбек қолдану арқылы өндірілген тауарлардың импортының алдын алу үшін жеткілікті шаралар қабылдай ма, соны анықтауға бағытталған”, – делінген ведомство өкілдігінің сайтында жарияланған құжатта.
Сауда өкілдігінің қорытындысы бойынша, көптеген жағдайда шетелдік үкіметтер мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың елге әкелінуі немесе экспортталуын болдырмау үшін жеткілікті шара қолданбай отыр. АҚШ-тың пікірінше, бұл америкалық жұмысшылар мен бизнес үшін әділетсіз бәсекелестік жағдайын туғызады.
"Біздің негізгі сауда серіктестеріміздің мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импорты мәселесін шеше алмауы – қабылдауға болмайтын жағдай. Бұл америкалық жұмысшыларды әлемдік нарықта тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр етеді. Біз бұдан былай мұндай теңсіздікке төзбейміз. Кейбір сауда серіктестері мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортын болдырмау бағытында алғашқы қадамдар жасады, соның ішінде USMCA келісімі мен өзара сауда келісімдері аясындағы міндеттемелер арқылы. Алайда біздің әрбір сауда серіктесіміз әлем бойынша мәжбүрлі еңбектің орнығып, кеңеюіне жол бермейтіндей етіп, одан да көп жұмыс істеуі тиіс", – деді АҚШ сауда өкілі Джеймисон Грир.
Осыған байланысты Сауда өкілдігі тергеу жүргізілген 60 елден келетін импорт тауарларға қосымша тарифтер енгізуді ұсынды. Джеймисон Грирдің айтуынша, кей елдерге салынатын салық пайызы төмен.
"Мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарларды импорттауға тыйым салатын және мұндай тыйымды енгізіп, оны сақтау міндеттемесін өзара сауда келісімі аясында қабылдаған елдер үшін, немесе мәжбүрлі еңбекпен өндірілген белгілі бір тауарлардың импортына ішінара шектеу енгізген елдер үшін АҚШ сауда өкілі қосымша баж салығының мөлшерін 10%, ал қалған елдер үшін қосымша баж салығы 12,5% деңгейінде белгіленеді", – делінген ведомство сайтында.
Өкілдік ұсынылған шаралар бойынша қоғамдық талқылау кезеңін ашты. Мүдделі тараптар белгіленген мерзімге дейін өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдай алады. Одан кейін 2026 жылғы 7 шілдеде ашық тыңдаулар өткізу жоспарланған. Пікірлер мен тыңдаулардың нәтижесіне қарай өкілдік тарифтік шараларды енгізу туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
Аталған құжатта 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі АҚШ саудасына әсер ететін шетел мемлекеттерінің әділетсіз әрекеттерімен, саясаты немесе тәжірибесімен күресуге бағытталғаны атап өтіледі. 2026 жылғы 12 наурызда АҚШ сауда өкілі түрлі елдердің мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импортына тыйым салуды енгізу және оны тиімді орындау қабілетсіздігіне байланысты 60 тергеуді бастаған.
Мына 54 ел мәжбүрлі еңбек қолданылып өндірілген тауарлардың импортына тыйым салуды енгізе алмады және оны тиімді түрде қамтамасыз ете алмаған:
- Алжир;
- Ангола;
- Аргентина;
- Австралия;
- Багам аралдары;
- Бахрейн;
- Бангладеш;
- Бразилия;
- Камбоджа;
- Чили;
- Қытай Халық Республикасы;
- Колумбия;
- Коста-Рика;
- Доминикан Республикасы;
- Египет;
- Сальвадор;
- Гватемала;
- Гайана;
- Гондурас;
- Қытайдың Гонконг аймағы;
- Үндістан;
- Ирак;
- Израиль;
- Жапония;
- Иордания;
- Қазақстан;
- Кувейт;
- Ливия;
- Малайзия;
- Марокко;
- Жаңа Зеландия;
- Никарагуа;
- Нигерия;
- Норвегия;
- Оман;
- Перу;
- Филиппин;
- Катар;
- Ресей;
- Сауд Арабиясы;
- Сингапур;
- Оңтүстік Африка Республикасы;
- Оңтүстік Корея;
- Шри-Ланка;
- Швейцария;
- Тайвань;
- Таиланд;
- Тринидад;
- Тобаго;
- Түркия;
- Біріккен Араб Әмірліктері;
- Ұлыбритания;
- Уругвай;
- Венесуэла;
- Вьетнам.
Сонымен қатар тағы алты ел мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импортына тыйым салуды тиімді түрде қамтамасыз ете алмаған: Канада, Эквадор, Еуропалық одақ, Индонезия, Мексика және Пәкістан.
"Осылайша, зерттелген барлық экономикалар жұмыс күшін пайдалануға қатысты тыйым салуды не енгізе алмады, не оны тиімді түрде қамтамасыз ете алмады", – деп қорытындылады АҚШ Сауда жөніндегі өкілдігі.
Бүған дейін Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu арқылы жасалатын сауданың ережесі өзгеретіні туралы жазған едік. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қаңтар айында шетелдік интернет-сатып алуларға қатысты жаңа ережелерді бекіткен болатын. Бұл өзгерістер Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінен жеткізілетін тауарларға қатысты. Қазақстан бұл бастаманы қолдап, енді оны ұлттық заңнамаға енгізуді көздеп отыр. Тиісті заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.
Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарлар енді жеке пайдалануға арналған тауарлар емес, "электрондық сауда тауарлары" деген жеке санатқа жатқызылады. Осыған байланысты олар үшін бөлек кедендік баж, салық және арнайы декларация енгізіледі.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз