Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір сыныпта 47 бала: Астаналық ата-аналар мектептерде оқушылардың көптігіне шағымданды

сыныптағы оқушылар
Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде астаналық ата-аналар мектептердің бірінде бір сыныпта 47 оқушының оқитына шағымданды. Жағдайға білім басқармасы түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы елордадағы №95 мектептің бірінші сыныбына бірден 47 баланың қабылданғанын жазды. Автор мұндай сыныпта мұғалім 50-ге жуық оқушының әрқайсысына жеткілікті көңіл бөле алатынына күмән келтірген.

"Бұл не деген бассыздық?" – деп жазды жазба авторы.

Жазба желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі елорданың сол жағалауында мемлекеттік мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі артып келе жатқанын атап өтті. Басқалары автордың наразылығын қолдап, адам саны шамадан тыс көп сыныпта оқу процесінің сапалы ұйымдастырылуына күмән келтірді.

"Сол жағалауда мемлекеттік балабақшалар мен мектептер  жетіспейді. Шағымданудан шаршадық. Бірақ бір ауданда шамамен 10 жекеменшік мектеп бар: Quantum, English, NGS, Qazaq, Future және тағы басқалары", – деп жазды қолданушылардың бірі.

"Неге сыныптарды бөлмейді? Мұғалім жетіспей ме?", "Колледждерді қаншама түлек бітіріп жатыр, олар қайда?", "Мұғалім олардың бәрін қалай оқытуы керек?" – деп жарыса жазды желі қолданушылары. 

Елорда білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта мектепте жаңа сыныптар ашылып жатыр. 

"Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін мектеп оқушыларды қабылдауды жалғастырып жатыр. Осыған байланысты оқушылардың жалпы саны артты", – деп жауап берді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар басқарма №95 елордалық мектеп оқушылар саны көп білім беру ұйымдарының қатарына жатпайтынын хабарлады.

Еске салсақ, Қостанай облысындағы мектептердің бірінің оқушылары жаңа оқу жылын әкімдік пен орман шаруашылығының ғимараттарында бастауға мәжбүр екенін жазғанбыз. Өйткені мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмаған болып шықты.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 18:32