Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Апат қазақстандық бауырларымызға зиян келтіргеніне өкінеміз" – Мирзиеев

Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиеев селекторлық кеңес барысында су тасқынынан қазақстандық ауылдардың зардап шеккеніне өкініш білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Өзбекстан басшысының ресми порталында жазды.

Өкінішке қарай, Сардобадағы апат салдарынан көрші Қазақстан Республикасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы кейбір елді мекені су астында қалды, деп атап өтті Мирзиеев.

"Біз Қазақстан президенті, құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында бұл мәселені өзара түсіністік пен ашықтық рухында талқыладық", - деді Өзбекстан басшысы.

Сондай-ақ, ол дүйсенбі күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған қазақстандық делегация оқиға орнына барып, жағдайды егжей-тегжейлі зерделегенін еске салды.

"Бұл күтпеген техногендік апат біздің халыққа ғана емес, көршілерімізге, біздің бауырларымызға, елді мекендерге және егістіктерге де зиян келтіргеніне өкінеміз" - деді Шавкат Мирзиеев.

Өзбекстан президенті үкімет, тиісті министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ қазақстандық серіктестер апаттың салдарымен күресте тығыз байланыста болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Мирзиеев қазақстандық тарапқа апаттардың салдарын жоюға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

"Бауырлас қазақ халқымен қатар өмір сүрдік, бір өзеннен су іштік, біз туыстар сияқты жақынбыз. Біз әрқашан иық тіресіп, жарқын күндерде де, сынақ кезеңдерінде де бір-бірімізді қолдадық", - деді ол.

 

Талқылау