Әнуар Нұрпейісов Қазақстан аруларын жасанды кірпік пен бес тонна бояудан бас тартуға шақырды (видео)
Танымал актер Әнуар Нұрпейісов «Қазақстан аруы – 2016» байқауының барысында астаналық ару Елназ Нұрсейітоваға тосыннан сауал қойды. Ол байқау қатысушысынан бұл өмірде оқуға тұрарлықтай үш кітапты атауын өтінді.
«Елназ, өткен жылы «Қазақстан аруы – 2015» байқауының ақтық сынын тамашалаған боларсыз деп үміттенемін. Сонда мен қатысушының біріне сүйікті кітабын атауды өтінген едім, ол қыз кітап оқымайтынын айтты. Ең сорақысы да сол, дәл сол қыз еліміздің ең сұлу бойжеткені деп танылды. Елдің қалай дауыс бергенін білмеймін. Дәл қазір тура сол сұрақты сізге қойғым келіп отыр. Мәселен, ертеңгі күні сіз тұрмысқа шығасыз. Дүниеге сәби алып келіп тәрбиелейсіз. Күндердің күнінде ол сізге: «Анашым, осы өмірімде қандай 3 кітапқа оқуға кеңес бересің?», – деп сұрақ қояды. Сонда не деп жауап бересіз?» – деді Әнуар Нұрпейісов.
Абдырап қалған бойжеткен тосыннан қойылған сауалға не деп жауап берерін білмей қалды. Содан соң Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (Елназ авторын алғашқыда Әнуар Нұрпейісов деп атады), Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен «Қараш-қараш оқиғасын» оқуға кеңес берді.
Қатысушының жауабына көңілі толмаған актер Қазақстанның бойжеткендерін жасанды кірпік пен бес тонна опа-далаптан бас тартуға, оның орнына білімге құмартуға шақырды.
“Қыздар, сұлулық байқауына ұмтылудың қажеті жоқ. Мына сендердің жасанды кірпіктерің, түрлерің… Білімге ұмтылыңдар! Елге сіздердің жасанды сұлулықтарыңыз қажет емес», – деп үндеу жолдады ашынған Нұрпейісов Қазақстанның барша бойжеткендеріне.
Айта кетейік, танымал актер жуырда ғана Астана қаласында өткен “Қазақстан аруы-2016″ байқауының ақтық сынында төрелік етті.
Жіберіп алмаңыз:
Eaglez-дар көптен күткен Ninety one тобының бейнебаяны жарыққа шықты (видео)
Асхат Садырбай «Қазақстан аруы» байқауына қарсы шықты
Кәмшат Жолдыбаева: Жеңіл ақша табу үшін өзін-өзі сататын әншілердің қатарына кірмеймін
Гүлзира Айдарбекова «Гүл құшақтағанша немереңді құшақтамайсың ба» деп айтқандар болды