Әнші Кенталға ата-анасы қалыңдық іздеп жүр
«Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақпен тағдырлас болдым» – дейді Кентал. Бүгінде әншінің ата-анасы, сүрленген бойдаққа қалыңдық іздеудің қамына мықтап кіріскен. Ал, «Келін тақырыбы» талқыға түскенде Талғат неге сырт айналады?! Себебін серінің өзі айтсын.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
«Перизат, Далида…» Иә, әндерінің барлығын аруларға арнағанымен, Кентал Кенжеболатовтар әулетіне келін таңдауға келгенде кенже қалып тұр. Отызында орда бұза алмаған Талғаттың теңін, бүгінде ата-анасы тауып беруге бекінген. Ал, отбасын құруда жайбасарлық танытқан сүрбойдақ, «Тақиялы періштедегі» Тайлақтың күйін кешіп жүр.
“Қазір «Тақиялы періште» болып қалдым. Анам анаумен таныстырады, әкем мынаумен таныстырады. Мыналармен құда болайық дейді. Әке-шешем ондайды айтқанда, мен айтамын: «Әлі тапқан жоқпын!» «Қыз деген гүл. Гүл деген шөп. Шөп деген көп» дейді”, – дейді Кентал.
Шаңырақ көтергеннен гөрі, шығармашылығын шыңдауды алғашқы орынға қойғандардың қатарында Кәрімов те бар. Отандық шоу-бизнестегі сүрленген бойдақ биыл 33-жасқа келеді. Ал, әншінің әкесі мен анасы Әлішерге лайықты қалыңдық іздеп, шарқ ұрып жүрген көрінеді.
“Күнде ғой, күнде… «Анаумен таныс, мынаумен таныс» дейді. Осы сұрақты, осы ұсыныстарды жиі білдіреді. Жуырда жаңа әнім шығады. «Бойдақ болып жүрмін мен әлі» деген. Мен ойлаймын бұл ән көптеген сұрақтарға жауап береді”, – дейді Әлішер.
Актер Дәулет Бижановтың да жанұясында «келін тақырыбы» күнде талқыға түседі екен. Сүйіктісін таңдауда ата-анасына ерік берген жігіт, «біздің әулетте биыл той болады» – деп сендірді.
“Жалпы есі дұрыс ер адамның есті істерінің бірі, мен ойлаймын отбасын құру, ең басты ниет сол. Оны бұйыртса 2018-де іске асырамын деген ойдамын”, – дейді Бижанов.
Сүрбойдақтар саны мұнымен шектелейді. Бүгінде отағасы атануға жүрексініп жүрген жұлдыздардың тізімін: Әнуар Нұрпейісов, Тәуекел Мүсілім толықтырса, Роза Рымбаеваның тұңғышы Әли Оқапов пен Нағима Есқалиеваның ұлы Диас Аблаев та үй болуға асығар емес…
Жіберіп алмаңыз: