Әнші Дастан Оразбеков: "Орда" тобының жігіттері "Бауыржан шоуда" бір-бірімізді таптық
Өнер саласында 20 жылдан астам еңбегі бар атақты әнші, өзінің әлі күнге дейін музыкалық білімі жоқ екендігін жеткізді. Өнерге алғаш қадам жасауға ағасы көмектескенімен, танымалдылыққа жеткізген "Бауыржан шоу" театры екенін "Ең алғашқы" бағдарламасында айтты.
"Біз "Орда" тобының жігіттері "Бауыржан шоуда" бір-бірімізді таптық. Ең алғаш үлкен сахнаға шығарған осы театр еді. Ол үшін Бауыржан ағамызға алғысым шексіз. Уақыт өте біз шоудан кетіп, жеке топ болып өнер көрсеткіміз келді. Бірақ жігіттердің ешқайсысы Бауыржан ағамызға барып, біз кетеміз деп айта алмады. Дәтіміз бармады. Содан мен бұл жауапкершілікті өз мойныма алып, хабарластым. Сол кезде Бауыржан Ибрагимов бізді боқтап тұрып мақтады. Ашуланды, айғайлады. Оның барлығы да орынды еді. Содан бір күні біз жігіттермен Қыдырәлі Болманов ағамызға бардық, бізді продюсерлік қарамағыңызға алыңыз деп қолқа салдық. Бірақ ол кісінің Бауыржан ағамызға деген құрметі жоғары еді. "Алдымен сол кісінің рұқсатын алмасаңдер мені мазаламаңдар",- деді. Содан, біздің ең алғашқы продюсеріміз Алуа Қонарова болды. Жеке топ ретіндегі жолымыз осылай басталды", - деді әнші Дастан Оразбеков. Өзін жолы болғыш жігіт санағанымен өнер жолындағы сәтсіздіктерінің көп болғанын да жасырмады.
Айтуынша, ол дипломның жоқтығынан біраз марапаттардан қағылыпты.
"2009 жылы "Орданың" продюсерлері Маду және Зарина Алтынбаева топтан Дастан кетсін деп ұсыныс білдірді. Арамызда түсінсіпеушілік болып Рүстем және Жанболат ағаларымыз да кетіп қалды. Дипломның жоқтығынан бір де бір марапатқа ие бола алмадым. 20 жыл осы салада тер төгіп келе жатсам да диплом мен білімнің жоқтығынан осылай марапатсызбын", - деп әнші ағынан жарылды.