"Әңгімемді елге жайып салды": Әнші Бақыт Шадаева журналист Анна Данченкоға ренжігенін айтты
Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шадаева тележүргізуші Анна Данченкоға өкпелі екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің үйінде “Жұлдызды шаңырақ” бағдарламасының түсірілім тобы қонақ болған еді.
"Екі күн бұрын Анна Данченко келген. Мен өз бағдарламамды жүргіземін деп, миым айналып жүрген. Мен оның келгеніне қуанып, қарсы алдым. Ол сұхбат алып жатыр екен. Ойыма кірмепті. Ашылып әңгімемді айтып, шын ниетіммен қонақ секілді қарсы алдым. Ол жазып, бүкіл халыққа таратып отыр. Өзім әлеуметтік желіден көріп, таңғалдым. Шай үстінде айтқан әңгімелерімнің бәрі елге таралып кетіпті. Халық өзі бұрып алады. “Күйеуге шыққысы келеді”, “Күйеуінен таяқ жеген” деген мен туралы әңгімелер болып жатыр. Мен негізі сол баяғы бір қалыпты адаммын", – деді өнер иесі.
Сонымен қатар Сейфуллин Жолбарыс екеуінің арасындағы дауды да ушықтырып жүрген журналистер көрінеді.
“Сейфуллин екеуміздің арамызда тек достық бар. Өнер жолын бірге бастадық. Арамызға азғырушылар түсті. Менің айтқанымды бұрмалап, оған басқаша жеткізген. Содан реніш пайда болды. Өткен іс өтті, оны тағы да талқылаудың қажеті жоқ”, – деп даулы мәселеге нүкте қойды.
Еске салайық, Бақыт Шадаева күйеу баласының өзінен бес жас кіші екенін жазған болатынбыз.