"Анасының көз алдында көз жұмды": СҚО-да шұжық пен тұшпарадан көз жұмды делінген екі баланың туыстары болған жағдайды айтты
Солтүстік Қазақстанда бүтін бір отбасы тамақтан уланып, өрімдей екі бала көз жұмды. Ал балалардың анасы мен 10 жастағы үлкен ұлы жансақтау бөлімінде жатыр. Қайғы жамылған жанұяның туыстары екі күн бұрын олар жергілікті дүкеннен жартылай дайындалған өнімдерді сатып алып тұтынғандарын айтады. Сонымен төрт адам неден уланды? Екі баланың өліміне әкелген жағдай қалай болған? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.
видеодан скриншот
Туысқандарының айтуынша, балалардың анасы екі күн бұрын дүкеннен азық-түлік сатып алған. Ал кешке тұшпара мен шұжықтан тамақ әзірлеп берген екен.
Кешкі астан кейін анасы үш баласымен бірге өздерін жайсыз сезінген көрінеді.
Қазір тергеушілер дүкеннің есігіне мөр басып, жауып тастаған.
Үш бала түнімен құсып бастары айналып, қатты ауырғаннан кейін ауылдағы фельдшер алғашқы көмек көрсетіпті. Бірақ таң ата анасының қасына келіп жатқан үш жасар кішкентай ұлдары сол күйі оянбаған екен. Ал анасы мен тағы екі баласы ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
“Кішкентай Василий анасының көз алдында көз жұмды. 6 жастағы Алиса кеше кешке ауруханада көз жұмды деген хабар келді. Тұшпара мен шұжық, газдалған сусын алған. Оны әкесінен басқа бәрі жеді. Содан ба деп ойлаймыз”, – дейді қайтыс болған балалардың атасы Сергей Коваленко.
Өрімдей балалардың өлімі түгел ауылды есеңгіреткен. Ауылдағылардың айтуынша қайтыс болған қыз бала 20 күн бұрын бірінші сыныпты ғана аяқтаса, кіші ұлы шағын орталыққа барып жүрген. Ал жергілікті дүкеннен күнде сауда жасайтын ауыл азаматтары қайғылы жағдай бірінші рет болып тұрғанын айтады.
“Жас, еңбекқор отбасы. Неден болғанын өзіміз де білмейміз. Олар тамақ алған дүкеннен біз де аламыз. Біз де тұшпара мен шұжық алдық. Бірақ қалай уланып қалғаны белгісіз. Мүмкін арасында бүлінген тамақ болды ма екен?!”, – дейді Надежка негізгі мектебінің директоры Людмила Асташова.
Қазір облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен 10 жастағы Кирилл мен 28 жастағы анасының өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер барлық емдік шараларды жүргізіп жатыр.
“Балалар мен анасынан тағамдық токсикоинфекция анықталды. Екі сәби токсикалық шок алып, мидың ісінуінен қайтыс болған. Науқастардың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты”, – дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Раиса Құсайынова.
Полиция екі немесе одан да көп адамның жаппай улану мен өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бір айдан кейін белгілі болады. Ал әкесі мен туыстары үш жасар Василий мен 6 жастағы Алисаны ертең жер қойнына тапсырмақ.