Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қандай тәрбие көрген" дегізбе": Тасмағамбетов былтыр өмірден озған анасын еске алды

Бұрынғы премьер-министр, Ресейдегі Қазақстанның экс-елшісі Иманғали Тасмағамбетов анасының өмірінде қандай рөл атқарғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі"Қазақ әдебиеті" басылымына сілтеп хабарлайды.  

Тасмағамбетов

Журналистің ел құрметтейтін танымал тұлға болып қалып­тасуына анасының қандай ықпал еткені туралы сауалына Тасмағамбетов: 

"Елдің берекесі – сол елді жетелеген тұл­ғаларға емес, ең алдымен, осындай тұлғаларды тәрбиелеген Аналарға байланысты. Бір ғана айтарым – Апам өзінің ғасырға жуық ғұмырында тағдырдың қиындығы мен қызығын қатар кешіп, мәнді де мағыналы өмір сүрді. Бойын­дағы бар игі қасиетін тәрбиеге салып, ұр­пағына тәлім, ұлтына өсиет етті. Ақырына дейін Аллаға құлшылық етіп, Құран-дұғасынан ұдайы ел мен жердің берекесін, халқының мерекесін тілеп өтті", - деді ол.

Саяси қайраткер анасының тәрбиесін, қылықтарын тілге тиек етіп, ол кісінің ашу үстінде де байсалдығын жоғалтпайтын текті кісі болғанын жеткізді.

"Анамыздың ерекше бір әдеті еске түсіп отыр. Әрине, жас болған соң балалық болады, қай бір істе шалалық болады. Осындайда Апам кейістік танытып, кейпін өзгертсе де, шайпаулыққа салынып, сөзінің көркін бүлдірген емес. Ұрысып отырса да, мақал-мәтелдетіп ұрысушы еді. Оның санаға әсері тіпті ерекше болады екен", - деп еске алды анасын Тасмағамбетов.

Мемлекеттік қызметке алғаш келгенде анасы әке көрген, ана көрген, тәрбиелі жерден шыққан азамат екенін үнемі естен шығармауын аманат еткен. 

"Әлі есімде, оқу бітіріп, елге келдім. Жаспыз, жігер-жалынымыз жанып тұр. Жастардың жұмысына араласып, көп ұзамай Атырау қалалық Комсомол ұйымының төрағалығына сайландым. Жаңалықты алып-ұшып бірінші Апама жеткіздім. Сонда айтқаны: «Е-е, балам-ау, қызметің еленіп, көтерілгенің жақсы. Бірақ, бұрын әке-шешенің абыройын ағайынның алдында арқалап жүрсең, енді ағайынның ар-ұятын бүкіл аймаққа апара жатырсың. "Қандай тәрбие көрген" дегізбе. Аманатыңа берік бол». Қандай жауапкершіліктің жүгін арқалап тұрғанымды сонда түсіндім. Ана­мыз­дың бұл сөзі қай қызметте болсам да бір сәт­ке де есімнен шыққан емес. Бүгінгі жеткен азды-көпті жетістігіміз болса, ең алдымен Ана­мыз­дың ақ сүтіне жарыған, тектілігінен дарыған қасиетінің жемісі деп білемін", - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Тасмағамбетовтің анасы 2019 жылы 21 желтоқсанда өмірден өтті



 

Талқылау