Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анам әйелімді ұнатпады": Құдайберген Бекіш отбасы туралы айтты

Танымал әнші, сазгер Құдайберген Бекіш алғаш шаңырақ көтерген кезін есіне алды. Жарымен қалай танысқанын да айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өнер иесінің айтуынша, болашақ жарын алдымен анасымен таныстырған.

“Биыл бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанымызға 40 жыл толыпты. Өнермен бірге өмірді де бастаппыз. Ол кісіні көріп жүретінмін. Бір күні шелекпен су алып тұр екен, көмектесейін дедім. Шелекті жай көтеріп бардым. Бірақ үйіне жақындағанда қолым дірілдей бастады. Содан танысып кеттік. Ол кісінің есімі  Жанна.Көмектескенім үшін әдемілеп шай берген еді. Шелек көтеріп көмектесіп жүріп, дос болуға шешім қабылдадық. Ол кезде қыздардың қолынан шай ішу деген бақыт қой. Тіпті қыздардың қасына жолауға қорқатынбыз. Тәртіп қатал еді. Махаббат қоя ма?! Жәкеңе үйленіп алдым. Қалай айттым, солай үйлендік. Қазір шүкір бақыттымыз. Менің осылай жарқырап жүргенім – әйелімнің арқасы. Келіншегімді анама апарып таныстырдым. Сол кезде анам Жаннаны ұнатпады. "Мына қыз тым арық қой, қалай бала туады?" дегені бар. Ана деген бәрібір баласының көңілін қалдырмайды ғой. Солай ақ батасын алып, үйленіп үлкен той жасадық", – деп еске алады әнші. 

Сондай-ақ әншінің соңғы кезде денсаулығы сыр бергенін де айтып қалды. 

“Адам болғасын ауыра бересің. Бірақ ауруға жеңілмей, салауатты өмір салтын ұстандым. Ойым мен миымды тек жақсы нәрсені ойлауға ғана үйретіп жатырмын. Ауырмаудың қамын ойлап жүрмін”, – дейді өнер иесі. 

Талқылау