Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ана атанғысы келетінін айтты: Мүгедек ерлі-зайыптылар қалай өмір сүріп жатыр

25 жылдан бері такси қызметінде жүрген мүмкіндігі шектеулі Бақытбек Сейітбеков жарымен қалай табысқанын, ортақ арманын, бір күні қалай өтетінін айтты. Жары тігін тігіп, үй шаруасына қараса, өзі күнделікті такси қызметінде. Бақша егеді. Үйдің жұмысын жасайды. 

Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды.

"Мүмкіндігімізді шектеулі деп таңба таққандарымен, бізде де өмір сүруге деген толық мүмкіндік бар! Жазмыштан озмыш жоқ! Тағдырдың сынағымен әскерден үйге қайтуыма 10 күн қалған кезде осылай жазатайым мүгедек болып қалғанмын. Өзіңіз ойлаңызшы жалындаған жастық шағым енді басталған кез еді. Әрине, есеңгіреп қалдым. Неліктен дәл мен деп ашуланатынмын. Ішімдікке беріліп, жаратқанның тура жолынан ауытқи бастаған кезде осындай күйге душар болдым. Бірақ өмір жалғасады. Қабылдайсың да ілгері жүресің. Мүгедекпін деп жата беруге болмайды. Өйткені мен адаммын!", – деді Бақытбек Сейітбеков.

Мүмкіндігі шектеулі жандар деп оларды қоғам қабылдауға асықпайтыны аянышты. Көбіне сол жарымжан жандар елмен бірге толыққанды өмір сүруге құқылы екендіктерін, қолдарынан іс келетіндігін көпшілікке дәлелдеуге асығып жүретіндей.  


"Екі жасар ұлыма тоғыз бөлмелі үй салып жатырмын": Ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов шығармашылығы мен жеке өмірі туралы айтып берді


"Мүгедек болсам да, халыққа қызмет етіп жүрмін! Ешкімге қол жайып отырған жоқпын. Күнделікті такси қызметінде тапқан ақшам отбасымның ұсақ-түйек шығынын жабады. Және мен содан ләззат аламын. Өзімді отбасыма керек деп сезінемін.  Бұл мен үшін өте маңызды сезім. Үйдің коммуналдық шығынын жауып отырғаным да мен үшін жеңіс. Күнделікті 6-7 сағат таксиде жүріп шаршадым деп айта алмаймын. Жас кезімде бұдан көбірек уақыт жүретінмін. Күнделікті жұмыстан келгенде көлігімді жуып, сүртіп тазалап қоямын. Маған мінетін адамдар мына мүгедектің көлігі кір екен деп жиеркенбесін деймін. Арманым ел қатарлы қызымды ұзатсам, ешкімнен кем болмаса, адал тәрбие берсем деймін!", – деді Бақытбек Сейітбеков.

Бақытбек мырза өзі секілді жарым жан Күләш Тілеуовамен бас қосып, ерлі-зайыпты атанып отыр. Ортақ бір қызы бар. 

“Мен 2011 жылы қалаға келдім. Содан бастап тігін тігемін. Көрпе жасаймын. Екеумізді қосқан жігер шығар. Қарап отырмаймыз. Ол да жұмыс істейді, жігері мықты. Өмірге құлшынысы жақсы. Мүмкіндігіміз шектеулі болғанымен бізде де мүмкіндік бар. Біздің де өмір сүруімізге мүмкіндігіміз жетеді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Арманым – қызымды ел қатарлы ұзатып, жақсы адам етіп тәрбиелеу”, – деді Күләш Тілеуова.

Бақытбек Сейітбеков жарының өмірге деген құлшынысын, ана атануға деген ниетін ұнатқан. Тілегі бір жерден шығып, бас қосқан екен. Бүгінде бақытты ғұмыр кешіп отыр. 

Талқылау