Адам өлтіргені үшін өмір бойына сотталған әйел 43 жылдан кейін ақталып шықты
Жасамаған қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған 64 жастағы Сандра Хемме 43 жылдан кейін әйелдер колониясынан шықты. Сандра Хемме – нақақтан-нақақ айыпталып, ұзақ уақыт түрмеде отырған алғашқы әйел. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AP
Сандра Хеммені әпкесі, қызы мен немересі қарсы алды. Бостандыққа шыққан ол ең әуелі өлім аузында жатқан әкесімен жүздесуге асықты.
Прокурор Миссури штатының төменгі, апелляциялық және Жоғарғы соттың шешіміне қарамастан жазықсыз түрмеге тоғытылған Сандра Хеммені соңына дейін бостандыққа жібергісі келмеді. Судья прокурорды сотты құрметтемегені үшін жауапқа тартамын деп қорқытқаннан кейін ғана мемлекеттік айыптаушы сот шешімімен келісті.
Сандра Хемме 1980 жылы кітапханашыны пышақтап өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Хемме өз кәнісін мойындағандықтан кінәлі деп танылып, сотталды. Алайда оның адам өлтіргені туралы ешқандай дәлел болмады.
Араға 40 жыл салып, іс қайта қаралды. Нәтижесінде америкалық сот Хеммені ақтап шықты. Сот күдікті психиатрялық ауруханада тыныштандыратын дәрі егілген соң жауап бергенін ескерді. Хемме тергеушілердің сұрақтарына бірбуынды сөздермен жауап берген.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері өз әріптестерінің бірінің (ол 2015 жылы қайтыс болған) осы іске қатысы бар болуы мүмкін екенін көрсететін басқа дәлелдерді елемеген. Полиция қызметкерінің көлігін қылмыс болған күні кітапханашының үйінің жанынан көргендер бар. Ол марқұм кітапханашының картасымен төлем жасамақ болған, сондай-ақ кітапханашының сырғасы полиция қызметкерінің үйінен табылды.
Сандра Хемме ақталса да, прокурор сот шешіміне келіспей оны бостандыққа жібергісі келмеді. Түрменің бастығына хабарласып, Хеммені түрмеден шығаруға тыйым салды. Хеммені кітапханашының өлімі үшін болмаса да, бір кездері күзетшіні ұстарамен жарақаттағаны үшін түрмеге тоғытқысы келді.
“Жазықсыз адамды түрмеге жабу оңай, алайда бостандыққа шығару қиынға соқты. Бұлай болмауы керек”, – дейді Хемменің адвокаты Шон О'Брайен.