Талдықорғанда футбол көруге кеткен 20 жастағы студент мектеп оқушысының қолынан қаза тапты

Талдықорғанда мектеп оқушысы 20 жастағы студентті пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы Жәңгір Нұрланұлы достарымен бірге танысының пәтеріне футбол матчын көруге кеткен.
Үйде шамамен он шақты адам, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған. Кездесу барысында жастар арасында жанжал туындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдан кейін жігіттер сыртқа шығып, кейін қайта кездескен.
Марқұмның анасының айтуынша, мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарының салдарынан студент көз жұмды.
Әйел қайғылы оқиға болардан бұрын ұлымен видеоқоңырау арқылы сөйлескенін айтады. Әйелдің сөзінше, ұлының көңіл-күйі жақсы болған, көп әзілдеп, кейін қайта хабарласуға уәде берген.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мамандандырылған тергеу сотының шешімімен күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау санкцияланған.
ОқыңызҚазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адам заңға сәйкес жазаланғанын талап етуде.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді