Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық азаматтар жыныстық мүшесін ұзарту отасына жүгінетін болған

Қазақстанда жыл сайын ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүйе алмайды. Олардың ішінде 8000-ға жуығына тек экстракорпоральді ұрықтандыру көмектесе алады. Тағы айта кетсек, соңғы кездері ерлер тарапынан бедеулік көбейген. Осы орайда ер азаматтардың белсіздігінің алдын алып, бедеулікті болдырмаудың амалдарын Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Алматы қаласының Репродуктивтік медициналық институтының уролог-андролог дәрігері Ерік Қартанбаев айтып берді.

Алматылық уролог: Микропенис диагнозі қойылған ер азаматтардың жыныс мүшелірне ұзарту отасы жасалады

Қартанбаев Еріктің айтуынша, репродуктивтік орталықтарға бұрын соңды тек әйелдер ғана қаралса, бүгінде көптеген ер азаматтар өз денсаулықтарына ден салып, ауруларының алдын алу мақсатында дәрігерлерге жиі келетін болған. Ал енді бала сүйе алмай жүрген жұптар бірге қаралуды жөн санап, не себепті сәбилі бола алмай жүргендерін бірге анықтауға көшкен екен.

Бедеулікке әкелетін басты себептерді атаған дәрігер, проблема анықталған кезде дер кезінде мамандарға көрінген дұрыс екенін айтады.

«Негізі ер азаматтардың бедеулігіне әкеп соғатын басты себептер – ол жеңіл киіну және соның салдарынан суық өткізу. Екінші – жыныстық қатынас арқылы жұқтырған инфекциялар. Келесі себептердің бірі – ол простатит. Бұлардан бөлек туа біткен аурулар болуы мүмкін. Олар варикоцеле, азооспермия сияқты диагноздер. Алғашқы үш себепті консервативтік терапиямен емдеуге болады, ал соңғы диагноздерге қатысты мәселе туындаған кезде көбінесе ота арқылы көмектесуге тырысамыз», – дейді Ерік Қартанбаев.

Дәрігердің айтуынша, тұрақты жыныстық қатынасқа түспегендік те бедеулікке әкеп соғады. Тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түспегенде аталық безде сөл жиналып, созылмалы простатит қалыптасады. Бұдан бөлек, уролог-андоролог мамандарының тәжірибесінде кездесетін көптеген ер азаматтарда варикоцеле анықталып жатады екен. Оның салдарынан ұрықтың сапасы төмендеп, көрсеткіштері өзгереді.

«Ер азаматтар бедеулігі ұрықтың көрсеткіштері өзгеріп, сапасы төмендеген кезде пайда болады. Аталық без тамырларының кеңеюі сол ұрықтардың көрсеткіштерін төмендетеді. Көптеген ерлердің бедеуліктерінің себебі де осы тамырларының кеңеюі – варикоцеле болып табылады. Бұл тұста консервативтік ем қабылдау тек уақытша көмек береді. Сондықтан ота жасаған дұрыс. Сонымен қатар, варикоцеленің кесірінен ұрықтың құрамы өзгереді, салдарынан әйел адамдарда түсік болады, сәбиі іште шетінеп кетуі мүмкін немесе жатырдан тыс жүктілікке әкеп соғады», – дейді дәрігер.

Уролог білікті мамандармен қатар, заманауи технологиялар да көптеген проблемалардың шешуін тауып жататынын атап өтті.

«Осы жағдайлардың алдын алу үшін қазіргі таңда көптеген технологиялар қолданылады. Солардың бірі – ұрықтың сапасын тексеретін өте жақсы анализатор аппараты. Ол арқылы ер азаматтардың ұрықтары қалыпты жағдайда болғанның өзінде, оның ішкі дүниесін, ядросын, ДНК-сын тексеруге болады және ұрықтың қанша пайызы белсенді екенін анықтайды.

Мысал келтірер болсақ, көптеген ер азаматтар жыныстық қатынас кезінде бөлінген сұйықтықты ұрықпен шатастырады. Ал белсенді ұрықтардың шығар жолы өте ұзақ – 50 сантимертге жуық. Ұрық шығатын жолдарда неше түрлі бездер орналасқан. Сол бездердің бәрі сөл бөледі, сол сұйықтықты ұрықпен шатастыруға болмайды. Сондықтан сұйықтың ішінде белсенді ұрық бар-жоғын тек сараптама арқылы білуге болады. Осы тұста жоғарыда айтып кеткен анализатор үлкен көмек береді», – дейді Ерік.

Күрделі аурулардың қатарына жататын – азооспермия диагнозін ота арқылы емдейтіндерін айтқан дәрігер науқастарының басынан кешкен ғажайып оқиғаларымен де бөлісті.

«Тәжірибемізде кездескен жағдайлардың арасында – азооспермия (ұрықтың пайда болмауы) деген болады. Оның өзі екіге бөлінеді: туа біткен және жүре пайда болғаны. Туа пайда болған азооспермияға тек ота жасау арқылы көмек бере аламыз. Микротеза деп аталатын ота жасап, аталық бездің ішінен тапқанымызша санаулы ұрықтарды алып, артынша экстракорпоральді түрде ұрықтандырамыз. Ота барысында ұрық табылмайтын жағдайлар да кездеседі.

Мұндай проблемамен кезіккен ер азаматтардың 98 пайызы донорлық ұрықты қолданудан бас тартады. Алайда біз оларға өмірде неше түрлі жағдай болып тұратынын түсіндіріп, көндіруге тырысамыз. Көбінесе өз ұрпағы қалсын деген мақсатта бауырларының ұрықтарын пайдалануды ұсынамыз. Оған көнбеген кезде енді амалсыздан донорлық ұрықтарға жүгінеді.

Донорлық ұрықты пайдаланғандардың ішінде ұрық иесін іздеп келушілер де болады, бірақ бастапқыдағы келісім-шарт бойынша біз ақпаратты жарияламаймыз.

Тағы бір оқиғаны айтсам, бір ер азаматтың жағдайы өте ауыр болып еді. Тексерілу барысында өздігінен ұрық шығара алмайтынын және гормондық өзгерістер болып жатқанын анықтадық. Әйелі екеуінің келісімі бойынша микротеза отасын жасап, ұрық болмаған жағдайда экстракорпоральді ұрықтандыруға донорлық материалды қолданайық деп кеңес бердік.

Әйелінен 12 аналық клетка алдық, ал өзінен бір ғана ұрық таптық. Осылайша аналық 1 клеткамен өзінің бір ұрығын, қалған 11 клетканы донорлық материалмен ұрықтандырдық. Бірақ бір ғажайып болып, әлгі донорлық ұрықтар өліп қалып, өзінің 1 ғана ұрығы өмір сүріп кеткен. Сөйтіп, бір ұлды дүниеге әкелді», – деп науқастары туралы оқиғаларымен бөлісті.

Бұдан бөлек заманауи оталардың басқа да түрін жасайтынын мәлімдеген дәрігер тіпті ер адамдардың жыныстық мүшелеріне имплант қоюға болатынын жеткізді.

«Қазіргі таңда ер адамның жыныстық мүшесіне жасалатын оталардың түрі көп. Тіпті жыныстық мүшені ұзартуына байланысты оталарды да жасаймыз, «микропенис» диагнозынан зардап шегетін адамдардың  жыныстық мүшелерін 5 сантимертге дейін үлкейте аламыз.

50-ден асқан кейбір кісілердің жыныстық мүшелері қызметтен шығуы мүмкін. Сол кезде оларға имплант қоямыз. Сезімталдығы, жұмыс істеуі бәрі де қалпында болады. Тіпті ұрығы да белсенді болуы мүмкін», – деп дәрігер бізді таңғалдырды.

Бүгінгі жастардың репродуктивтік денсаулығын сөз қылған Ерік Қартанбаев көптеген ерлердің отбасын құрмай тексерістен өтетінін айтады.

«Қазіргі азаматтардың көздері ашық, үйленер алдында тексерістен өтуді жөн санайды. Ата-аналарда ұлдарын ерте жастан бастап дәрігерге қарата бастайды. Жыныстық даму жасындағы балалардың денсаулығындағы кінәратты анықтау оңай, әрі проблеманың алдын ерте алған дұрыс. Ал енді проблемаға душар болған азаматтарға мемлекет қолдау көрсетіп, экстракорпоральді ұрықтандыруға үш жылдан бері ер адамдарға квота бөлуде. Және бұл квота бір ғана процесспен бітпейді. Клетка сандарының ұрықтануына байланысты 2-5 ретке дейін экстракорпоральді ұрықтандыру процессін жасауға болады», – дейді уролог.

Айта кетсек, Репродуктивтік медициналық институтының мамандарына тіпті шетелдік азаматтар келіп қаралатын көрінеді. Бұл Қазақстанда репродуктивтік медицинаның жоғары деңгейде дамуының көрсеткіші болар.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау