Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы сауда үйінен сатып алынған балықтың ішінен құрт шықты

Алматы тұрғыны шаһардағы сауда үйлерінің бірінен сатып алған балықтың ішінен құрт шыққан.

Алматы тұрғыны «Magnum» сауда үйінен сатып алынған балықтың ішінен құрт тауып алған. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазған.

«Magnum сауда үйінен балық сатып алдым. Ішінен құрт шықты. Өкінішке орай шағым кітабы да стандартқа сай емес екен. Тіркеу нөмірі жоқ», – деді тұтынушы.

«Magnum Cash&Carry» компаниясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, сауда үйінің әкімшілігі тұтынушыдан тауарды қайтып алып, ақшасын қайтарып берді. «Тауар сатылымнан алынып тасталды. Қазір аталған дерекке қатысты сауда үйінде ветеринарлық тексеру жүріп жатыр», – деді компания өкілдері.

Сонымен қатар компания тұтынушыға кері байланыс орнатқаны үшін алғыс білдірді. Тіркеу нөмірі жоқ шағым кітабына байланысты да нақтылау жұмыстары жүріп жатыр. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұтынушылармен кері байланыс орнатуға сауда үйінде бар жағдай жасалған.

«Сауда үйінде «Халық бақылауы» акциясы жұмыс жасайды. Яғни, барлық жерде қажетті телефон нөмірлері көрсетілген. Тұтынушылар тікелей директормен сөйлесе алады. Бақылау таразылары орнатылған. Сатып алушы алған тауарының салмағын тексере алады. Яғни, тұтынушылармен кері байланыс бар», – деді баспасөз қызметінен.

Ал қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің мамандары паразиттік құрттар адам денсаулығына қандай зиян келтіретінін айтып берді. «Паразиттік аурулар адамда түрлі симптомдармен көрініс береді. Мәселен, іш ауруы, аллергия, бас ауруы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Паразит ауруларын дер кезінде анықтамаса, ол адам денсаулығына өте үлкен қауіп төндіреді», – деді Департаменттің тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Гүлнар Мадимарова.

Оның айтуынша, құқығы бұзылған тұтынушы, ең алдымен аймақтық бөлімге чек, сурет немесе видеоматериалмен барып арыздануы керек.

«Арыз негізінде нысанға тексеру ашылады. Тексеру аясында зертханалық жұмыс жүргізіледі. Егер, сараптама расталса, онда өнім қай уақытта, қалай бұзылғаны анықталады. Егер өнім сауда сөрелеріне түспей тұрып бұзылған болса, онда өндірушіге қатысты тексеріс басталады. Сол жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыға жауап жазылады», – деді Гүлнар Мадимарова.

Тағы оқыңыз:

Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халықты таңғалдырды

Қарағандылық қария сыртқы киімсіз жүрсе де қырық градус аязда тоңбайды

Қазақстандық арулар үшін Инстаграмда кастинг жарияланды

Талқылау