Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әр жетінші жолаушы жолақы төлемейді: Мұның соңы неге әкеп соғады

автобус төлемі
Фото: Видеодан скрин

Алматыда қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушылардың шамамен 15%-ы, яғни әрбір жетінші тұрғын жолақы төлемейді. Тасымалдаушылардың айтуынша, билетсіз жүргендер әсіресе қарбалас уақытта көбейеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда қоғамдық көлікті пайдаланатын әрбір жетінші жолаушы жолақысын төлемейді. Тасымалдаушының бағалауынша, билетсіз жүретіндердің үлесі шамамен 15% болады. Әсіресе қарбалас уақытта мұндай жағдай жиілейді. Кейбір жолаушылар жолақысын автобусқа мінген бойда емес, тек бақылаушылар кірген кезде ғана төлейді. Тасымалдаушылардың табысына ғана емес, қоғамдық көлік сапасына да әсер етіп отыр.

"Сәлеметсіздер ме, құрметті жолаушылар! Электронды карталарыңыз бен SMS арқылы жасалған төлемдеріңізді тексеруге дайындаңыздар", - дейді тексерушілер.

Бақылаушылар автобусқа кірген сәтте салонда абыр-сабыр басталады. Бірі электронды картасын валидаторға тигізуге асықса, енді бірі телефон арқылы QR-кодпен төлем жасап жатады. Алайда қолданыстағы ережеге сәйкес, жолақы көлікке мінген бойда төленуі тиіс. Кейбір жолаушылар бұл талапты тек тексеру кезінде орындайды.

Бақылаушылардың айтуынша, жолаушыда міндетті түрде электронды жолақы картасы болуы қажет. Алматыда қоғамдық көліктегі төлем толықтай электронды жүйе арқылы жүзеге асырылады және барлық жеңілдіктер де осы жүйе арқылы рәсімделеді. Электронды картасы жоқ немесе төлем жасамаған азамат билетсіз жолаушы болып есептеледі.

Күн сайын Алматы бағыттарына шамамен 70 бақылаушы шығады. Әрқайсысы бір ауысымда 200-ге жуық автобус пен троллейбусты тексереді. Қызметкерлердің сөзінше, кейбір жолаушылар жалған QR-код көрсетеді немесе жүйедегі ақауды сылтауратып, жолақы төлегенін дәлелдеуге тырысады. Алайда мұндай уәждер көп жағдайда расталмайды.

"АлматыЭлектроТранс" ЖШС бақылаушысы Сандуғаш Ибраимова жалған карталар болатынын айтады.

"Жалған карталар болады. Біреудің картасын алып, сыртын жапсырып пайдаланады. Бұл – өзгенің картасын заңсыз қолдану. Көбіне студенттер мен қалаға келген адамдар жолақы төлемейді. Бірде билетсіз отырған, өзін дұрыс ұстамаған әйелге түсіндіре бастағанымда, ол мені ұрып жіберді. Кейін шашымнан тартып жіберді. Осындай жағдайлар да болды", – дейді Сандуғаш Ибраимова.

Бақылаушылардың сөзінше, билетсіз жолаушы анықталған жағдайда алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер азамат жолақысын төлеуден бас тартса, полиция қызметкерлері шақырылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, билетсіз жүргені үшін 2 АЕК көлемінде, яғни 8,5 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылған.

Алайда қала тұрғындары мұндай әрекетті құптамайды. Сауалнама барысында тұрғындардың басым бөлігі жолақы төлемейтіндерді жауапсыздықтың белгісі деп бағалады.

"Маған ондай адамдар ұнамайды. Себебі жолақыны міндетті түрде төлеу керек деп есептеймін", "Неліктен төлемейтінін білмеймін. Меніңше, бұл арсыздық", – дейді тұрғындар.

Тасымалдаушының мәліметінше, төленбеген әрбір жолақы кәсіпорын кірісіне тікелей әсер етеді. Бұл тек бір реттік 60 немесе 120 теңгенің жоғалуы емес, қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін қаржының азаюына әкеледі. Жиналған қаражат жүргізушілердің еңбекақысын төлеуге, автобустар мен троллейбустарды жөндеуге және жылжымалы құрамды жаңартуға жұмсалады.

"АлматыЭлектроТранс" ЖШС бақылау-тексеру қызметі басшысының орынбасары Руслан Қыстаубаев шығын көп екенін айтады.

"Себебі жолақыдан түсетін қаражат ең алдымен жүргізушілер мен басқа да қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Сондай-ақ жылжымалы құрамды уақытылы жөндеуге және жолаушыларға барынша жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді Руслан Қыстаубаев.

Алматыда күн сайын қоғамдық көлікті шамамен 1,5 миллион жолаушы пайдаланады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың жұмысы қала бюджетінен субсидияланады. Биыл осы мақсатқа шамамен 123 миллиард теңге қарастырылған. Дегенмен тасымалдаушылар бюджеттен бөлінетін қаржы жолаушылардың жолақысын алмастырмайтынын, қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі әр азаматтың уақытылы төлем жасауына да байланысты екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін мылқау такси жүргізушісін балағаттаған астаналық тұрғын 15 тәулікке қамалғанын жазған едік. Әлеуметтік желіде екі жолаушы мінген таксидің видеосы тарады. Көліктің алдыңғы орындығында отырған жолаушы жүргізушіні балағаттап, оған тіл тигізе бастайды. Кейін такси жүргізушісінің саңырау әрі мылқау екені белгілі болды. Жолаушы қамауға алынып, оған қатысты істі Астана қаласының мамандандырылған соты қарады. 38 жастағы ер адамның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 10:55