Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда сөмкесінен гранатаға ұқсас зат табылған ер адам ұсталды

пышақ пен граната
Фото: Видеодан скрин

Алматының Райымбек даңғылында полиция күдік тудырған ер адамды ұстады. Оның сөмкесінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыдағы Райымбек даңғылында күдік тудырған ер адамды полиция қызметкерлері тоқтатты. Тексеру барысында оның барсеткасынан пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен саперлер шақырылды. Тексеруден кейін табылған гранатаның оқу-жаттығу мақсатындағы муляж екені анықталып, оның қауіп төндірмейтіні белгілі болды.

Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат бұл заттарды бұрын тауып алғанын, ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін алып жүргенін айтқан.

Қазір оның сөздері тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ ер адамның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Алматы полициясы азаматтарды өзімен бірге қауіпті заттарды алып жүрмеуге және қару-жарақ немесе оқ-дәріге ұқсас күмәнді заттарды байқаса, бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны Евгений Майеров көлігінен ас үй пышағы мен шампур табылғаннан кейін полиция бөлімшесіне жеткізілгенін мәлімдеген еді. Кейін полиция тағайындаған сараптамадан соң пышақтың тұрмыстық мақсатта қолданылатын зат екені және суық қаруға жатпайтыны анықталған.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 16:00