Алматыда әйел кесарь тілігінен кейін көз жұмды: Дәрігерлер марқұмның ауруханаға бас жарақатымен түскенін айтқан

Алматыда жүкті әйел мен оның дүниеге келмеген сәбиінің жұмбақ өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның жұбайы 32 жастағы Анна Ефименкоға кесарь тілігі жасалғанын айтты. Алайда шала туған нәресте өлі күйінде дүниеге келген. Ал келесі күні қалалық перинаталдық орталықта әйелдің өзі де көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алексей Ефименконың айтуынша, 5 мамырға қараған түні 32 жастағы жұбайы өзін жайсыз сезініп, қатты ауырып, есінен тана бастаған. Осыдан кейін ер адам дереу жедел жәрдем шақырған.
Алдымен әйелді перзентханаға жеткізген. Тексеруден кейін оны перинаталдық орталыққа ауыстырған. Жүктіліктің сегізінші айында Аннаға кесарь тілігі жасалған. Алайда сәби өлі күйінде дүниеге келген.
Алексей Ефименконың айтуынша, күндіз сағат бірге таман оларға медбике келіп "Балаға қандай есім қояр едіңіздер?" деп сұраған. Осы сәтте отбасы нәресте аман қалмағанын түсінген.
"Мәселенің неде екенін ешкім түсіндірмеді. Тек кешкі сағат алты шамасында дәрігерлер шығып, операцияның аяқталғанын және әйелімнің жансақтау бөліміне ауыстырылғанын айтты. Ол өмірді қамтамасыз ететін аппараттарға қосылған, өкпесі толықтай жасанды желдету аппараты арқылы жұмыс істеп тұрған еді. Сондай-ақ оның жүрегі екі немесе үш рет тоқтап қалғанын, дәрігерлер жүрек жұмысын қайта іске қосуға және қан кетуді тоқтатуға тырысқанын жеткізді", – дейді Алексей Ефименко.
Науқастың жағдайы одан әрі нашарлап, 7 мамыр күні дәрігерлер Алексейге әйелінің қайтыс болғанын айтқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, Аннаның миына қан құйылған. Осылайша Алексей Ефименко жұбайынан айырылды, ал екі бала анасыз қалды. Ерлі-зайыптының кенже қызы небәрі екі жаста.
"Дәрігерлер әйелімнен оқиғаның қалай болғанын сұраған кезде, ол түнде баласын ұйықтатып қойғанын, кейін дәретханаға бару үшін оянғанын айтқан. Жүріп бара жатып бірнеше рет есінен танған. “Көзім жұмылып кетеді, құлап қаламын, қайта тұрамын, бәрі үзік-үзік болды” деп түсіндірді”, – дейді марқұмның жұбайы.
Сот-медициналық сараптаманың алдын ала анықтамасында Аннаның миына қан құйылғаны және бас-ми жарақаты болғаны көрсетілген.
Ерлі-зайыпты 15 жыл бірге өмір сүрген. Туыстарының айтуынша, Анна Ефименко үлкен отбасы құруды армандаған. Ол маникюр шебері болып жұмыс істеген және кондитерлік өнерге әуес болған.
Дәрігерлер жақындарынан “мүмкін үйде бір жағдай болған шығар, сіздер бір нәрсені жасырып тұрған боларсыздар” деп сұраған. Алайда отбасы мұндай сұрақтың орынсыз екенін айтып, оны қабылдаудан бас тартты.
"Қазір бізді ең алдымен уақытқа, қойылған диагнозға және мұның не себепті болғанына қатысты сұрақтар мазалайды. Дәрігерлердің қандай әрекеттер жасағаны жөнінде толық ақпарат берілгенін қалаймыз", – дейді марқұмның әпкесі Алена Градович.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала диагноз анықталғанын, алайда оны жариялай алмайтынын мәлімдеген.
“Дәрігерлер барлық қажет реанимациялық және хирургиялық шараларды жүргізгенімен, жүкті әйел мен оның сәбиін аман алып қалу мүмкін болмаған”, – деп хабарлады ведомство.
ОқыңызАлматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лайла Имангалиева әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне бағытталған айыптаулар айтылып жатқанын атап өтті.
"Қазір мұндай айыптаулар жасауға әлі ерте. Барлық қажет тексеру шаралары аяқталмайынша, қандай да бір қорытындыны объективті деп санауға болмайды", – деді ол.
Әзірге марқұм бас-ми жарақатын қалай алғаны белгісіз. Анна Ефименконың нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.
Бұған дейін Алматыда 7 айлық жүкті әйел мен сәбиі көз жұмғаны туралы жазған едік. Марқұмның туыстары дәрігерлерді салғырттық танытып, дер кезінде көмек көрсетпеді деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, үш бірдей медициналық мекеме арасында сабылған әйелге уақытылы диагноз қойылмай, ақыры ана мен бала көз жұмған.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты