Алматыда курьер баланың бесік арбасына дәрет сындырып кеткен (видео)

Алматыда тұрғын үйлердің бірінде курьер баланың бесік арбасына дәрет сындырып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды Threads желісінде Алматы тұрғыны баяндады. Айтуынша, курьер көрші үйге тамақ жеткізген. Сосын баласының бесікарбасына дәрет сындырып кеткен. Ал тұрғын полицияға арыз жазып, кінәлі адамды жазалауды сұраған.
“Арбаны қанша жусам да жағымсыз иісі кетпей қойды. Мұндай адамдар курьер болып жұмыс істемеуі керек. Тамақты лас қолымен жеткізбеуі тиіс”, – деп жазды ол.
Аталған жағдайға полиция пікір білдірді. Олар бұл факті бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады.
“Ер адамның жеке басы анықталды. Қазір полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтап, ұстау шараларын жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша оған құқықтық баға беріліп, заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады”, – делінген хабарламада.
Полиция қоғамдық ортада мұндай әрекетке жол берілмейтінін мәлімдеді.
Кейін Алматы тұрғыны Chocofood компаниясы бесік арбаның ақшасын толық өтеп бергенін айтты.
“Бүгін Chocofood компаниясынан хабарласып, аталған курьердің енді жұмыс істемейтінін хабарлады. Сонымен қатар компания өкілдері кешірім сұрап, бесікарбаның ақшасын толық өтеп берді. Компанияға алғысымды айтып, ертең жаңа арба сатып аламын”, – деді тұрғын.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда курьер тұрғын үй кешенінің лифтінде дәрет сындырғаны туралы жазған едік. Кейін оны полиция 5 күнге қамауға алған.
Оқыңыз