Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған элиталық қонақүй IT-хабқа айналады
Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған элиталық қонақүйде Алматы IT-хабы ашылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, ғимарат бұған дейін тозығы жеткен күйде болған. Алайда мемлекет меншігіне берілген ғимаратты бұзу жоспарланбаған.
"Ғимарат бұған дейін қанағаттанарлықсыз жағдайда болған. Қазір нысанда кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында ғимараттың қасбеті мен терезелері қалпына келтіріліп, ішкі бөлмелер жөнделеді, сондай-ақ оған іргелес аумақ абаттандырылады. Жөндеу жұмыстары ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, нысанды пайдалануға беруді көздейді", – делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Жобаның инвесторы – "LeanQor" ЖШС.

Әкімдік өкілдері ғимаратты бұзбай, қолданыстағы нысанды пайдалануға беру туралы шешім қаланың тиісті деңгейдегі заманауи нысандарға деген қажеттілігіне байланысты қабылданғанын түсіндірді.
"Қаланың тиісті деңгейдегі заманауи нысандарға деген қажеттілігін ескере отырып, бұған дейін жеке меншікте болған пайдаланылмай тұрған ғимаратты бұзудың орнына кәдеге жарату туралы шешім қабылданды. Жобаны жүзеге асыру қолданыстағы нысанды тиімді пайдалануға және IT, жасанды интеллект пен сабақтас бағыттарды дамытуға қажетті инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті әкімдік.
Алматы IT-хабының жобасы президенттің IT және AI инфрақұрылымын дамыту, осы салаларда кадр даярлау және мамандардың құзыреттерін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін ғимарат жер телімімен бірге Алматы қаласының цифрландыру басқармасына беріледі деп жоспарланған.
Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған "Байсат" базары миллиардтаған теңгеге сатылғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық оқушыларға теріс басылған оқулық берілген: Баспа не дейді