Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда белгілі фотограф плагиаттық жасаған Мәдениет министрлігін сотқа берді

«Рухани жаңғыруды» ұрлыққа ұластырған шенеуніктер. Алматыда жалпы ұлттық жоба аясында плагиаттық жасаған Мәдениет және спорт министрлігі мен қалалық әкімдік өкілдері сот алдында жауап беріп жатыр. Арызданушы Сәрсенбек Қызайбекұлының айтуынша, құзырлы орындар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау барысында дайындалған билбордтарда фотографтың туындысын заңсыз пайдаланған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Енді авторлық құқығымды аяқ асты етіп, суретімді рұқсатсыз қолданды деген ол, өтемақы ретінде 1 жарым миллион теңге талап етіп отыр.

Министрлік пен қалалық әкімдікті сотқа сүйреген осы сурет. Қаршығасын қолына қондырған баланың бейнесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауға сұранып-ақ тұр. Алайда, фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлының айтуынша, құқықтық мемлекетте авторлық құқықты белінен басқан құзырлы орын өкілдері, оның келісімінсіз суретті көрнекі құрал ретінде пайдаланған.

«2017 жылдың тамыз айында министрлік тарапынан қызметкерлер хабарласып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты билбордтарға пайдалансақ, рұқсатыңызды бересіз бе деп телефонмен хабарласты. Сосын көп айтқан жоқпын, 50 мың теңге қаламақы сұрадым. Бірақ, олар бізде ақша жағы қарастырылмаған, басшылыққа айтып тағы хабарласамыз деді. Содан бері хабарласқан жоқ», – дейді фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы.

Алайда, арада ай өткесін Алматының көшелерінде автордың туындысы басылған билбордтар бірінен соң бірі іліне бастайды. Алғашында қалалық әкімдік пен минситрлік мәселені бір-біріне сілтеп, фотографты әуре-сарсаңға салыпты. Кейін суретті ғаламтордан алғандарын айтып ақталған. Тіпті, іс насырға шаба бастағанда, 50 мың теңге қаламақыңды төлейік деп өтініпті. Бірақ, шыдамы таусылған автор, бұл ұсыныстан бас тартады. Ал, адвокат Бауыржан Айдарбековтың айтуынша, азаматтық істе әлі нақтылайтын жәйт көп.

«Министрлік, әкімдік тарапынан жаңа мәліметтер түсті. «Алматы жарнама» компаниясы баннерлерді жасап, билбордтарды қойған. Сол бойынша біраз сұрақтар бар, соны анықтау керек. Егер оның қатысы болса, жауапкер ретінде сотқа тартуға тура келуі мүмкін. Ол келесі процессте белгілі болады», – дейді адвокат Бауыржан Айдарбеков.

Суретімді рұқсатсыз қолданды деген фотограф, қазір құзырлы министрліктен 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр. Ал, сот отырысына келген жауапты мекеме өкілдері, өздерін кемараға түсіруге келіспей, түсінік беруден бас тартты.

Қазір Алматы көшелерінде қаршыға ұстаған баланың суреті бар билбордтар жаппай алынып жатыр. Бірақ, «Рухани жаңғыруды» керісінше түсініп, ақыры соттан бір-ақ шыққан министрлік пен қалалық әкімдіктің әрекеті, өзгелерге де сабақ болатын түрі бар. Себебі, автордың айтуынша, оның туындысын өзге өңірлерде де заңсыз қолдану дерегі анықталған. Ал, заңгерлердің мәліметінше, автордың туындысы рұқсатсыз пайдаланылса, заң бойынша 100 бен 15 мың айлық есептік көрсеткіш аралығында өтемақы өндіріледі екен.

Оқи отырыңыз:

Ақмола облысында парамен ұсталған лауазымды шенді айыппұл төлеп жазадан сытылмақ

Қостанайда қызыл империяны аңсаған жастардың шеруі үлкен дауға ұласты

Егіз балаларын өлтіргені үшін сотталған ерлі-зайыптының ұлдарының тағдыры белгілі болды

Астанада қаруланған полицейлер қаладан шыққан көліктерді тексеріп жатыр

Талқылау