Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда атыс жасаған қылмыскер полицейлерден кек алмақ болған

Алматыда полиция қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған қылмыскердің мақсаты олардан кек алу болған. Бұл туралы Алматыда өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

0,,17132969_303,00

Министр алдымен, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, кейін қанды оқиғаның қалай өрбігенін баяндап берді.

«1990 жылы туған Руслан Куликбаев бұған дейін екі рет сотталған. 2010 жылы тонаушылық әрекет жасағаны үшін, ал 2012 жылы атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін сотталды. Жалпы, түрмеде 5 жыл 11 ай отырған. Бірақ, өкінішке қарай, түзеліп шықпады. Содан, биыл қаңтар айында Алматыға келіп, жалға алған пәтерлерде тұрып келген.  Сөйтіп жүріп, қылмыс жасау мақсатымен заңсыз 5,6 мм. иір ойықты атыс қаруын сатып алады. Бұдан соң, 17 шілдеден 18 шілдеге қараған түні, түнгі сағат 3:52-де бір қонақ үйдің қасына келеді. Сөйтіп, жек көрушілік пиғылмен Өзбекстан азаматшасын атып өлтіреді. Тергеу барысында ол оны жезөкшелігі үшін атқанын мәлімдеді. Кейін, қонақ үй маңында автокөлік иесін қарумен қорқытып, оның көлігін иемденіп, оқиға орнынан із жасырады. Алайда, ол өзінің ұсталатынын біледі. Содан, түрмеде отырғаны үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінен кек алуды ұйғарған.

Сөйтіп, бүгін 10 сағат 54 минутта Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына келіп, ішке енеді. Постыда тұрған полиция қызметкері одан құжатын көрсетуді талап етеді. Осы сәтте қылмыскер тапаншасын суырып алып, полиция қызметкерінің басынан және ішінен атады. Полиция қызметкері өте ауыр жарақат алады. Осыдан кейін қылмыскер оның автоматын иемденіп сондағы полиция қызметкерлеріне қарата оқ жаудырады. Үш полиция қызметкерін және бір азаматтық тұлғаны жарақаттайды. Кейін, далаға жүгіріп шығып, көшеде өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, жүргізушіге қару кезеніп, оны ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментіне қарай жүруге мәжбүрлейді. Жолда, қасынан өтіп бара жатқан патрульдік машинаны көріп қалады. Сол арада автоматтан оқ атып, машинадағы екі полиция қызметкерін жарақаттайды.

ҰҚК Департаментіне келген соң, қылмыскер жол жиегіндегі полиция автомашинасын көреді. Сол арада машинадан шығады да, онда отырған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырады. Соның салдарынан бір полиция қызметкері ауыр жарақат алып, екіншісі тиген оқтан оқиға орнында қаза тапты.

Осы сәтте ҰҚК Департаментінің кезекшісі оған оқ жаудырады. Атыс барысында қылмыскерді алып келген, жүргізуші оқиға орнынан қашып құтылған. Ал қылмыскер әрі қарай жүгіріп, ішінде Шекара қызметінің әскери қызметшісі, аға лейтенантты көріп, оның машинасын тартып алуға әрекет жасайды. Мұнысынан түк шықпаған соң, шекара қызметкеріне қарсы оқ атып, оны сол жерде ауыр жаралайды. Осы сәтте сол жерден өтіп бара жатқан азаматтық тұлғаны да жарақаттайды. Алған жарақаттан қала тұрғыны көз жұмды. Бұдан кейін, сол жерден Лада автокөлігін көреді. Жүргізушісін машинаға отырғызып, оған қару кезеніп, қала орталығына қарай жүруге мәжбүрлейді. Машина Шевченко көшесімен Абылай хан даңғылына дейін барып, солтүстік бағытқа қарап жүрген. Жүргізуші жолда әдейі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетеді. Мұны байқаған жол полицейлері машинаның соңына түседі. Алайда көлік жүргізушісі амалсыз тоқтамай айдауға мәжбүр болады.

Патрульдік машина қылмыскер мінген көлікті Абылай хан – Төле би көшесі маңында жол жиегіне тықсырып тоқтатады. Осы сәтте көліктен шыққан Куликбаев полиция қызметкерлеріне қарай оқ атады. Сол жерде бір полиция қызметкері өлімші болып жарақат алды. Бұдан әрі қылмыскер Абылай хан даңғылымен төмен қарай қашқан. Осы сәтте Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде күзетте болған «Күзет» мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері оны байқап қалады. Ол серіктесіне полицияға хабар беруін сұрап, өзі қылмыскердің ізіне түседі. Екеуінің арасында атыс басталады. Соның салдарынан «Күзет» қызметкері қылмыскерді төрт жерінен жарақаттап, өзі басынан өлімші болып жарақат алды.

Осы сәтте екінші полиция қызметкері жүгіріп жетіп, қылмыскерді ұстап, қолына кісен салады. Ал атыс кезінде автокөлік жүргізушісі де қашып кетеді. Алайда, оны куәгерлер қылмыскердің сыбайласы деп ойлап қалған. Ол ұсталды. Одан куәгер ретінде жауап алынды. Қазір барлық куәгерлерден алдын ала жауап алынды. Осылайша, оқиғаның мән-жайы анықталды. Төрт жерінен жарақат алған қылмыскерге ота жасалды. Қазір дәрігерлердің рұқсатымен және адвокаттың қатысуымен одан жауап алынып жатыр. Бұл қанды оқиға 25 минутқа созылды. 10 сағат 54 минутта ол Алмалы аудандық Ішкі істер Басқармасына кірген. Ал 11 сағат 19 минутта ұсталды. Бір айта кетерім, ешбір полиция қызметкері оны ұстау барысында сескенушілік танытпады», – деді Қасымов.

Сонымен қатар, министр сөз соңында жарақаттанғандар мен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тиісті материалдық көмек көрсетілетіндігін айтты.

Айта кетелік, қанды оқиға ҚР Қылмыстық Кодексінің «Лаңкестік», «Билік өкіліне қарсылық көрсету» және «Мемлекеттік нысандарға шабуыл жасау» баптары бойынша қаралуда.

Ертеректе хабарланғандай белгісіз ер адам Николь базарында атыс жасаған еді. Атыстан полицейлер ауыр жараланғанын хабарлаған едік. Алматының бірнеше аудандарында атыс дауыстары естілгенін де хабарлаған болатынбыз. Алматыдағы атыстан жараланғандар лек-легімен ауруханаға түсіп жатыр.

Сондай-ақ, қала бойынша террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланып, тұрғындардың үйлерінен шықпауы қатаң ескертілді. Сәйкесінше, қаладағы ірі сауда орталықтары жұмыстарын тоқтатты.

Соңғы ресми деректер негізінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының аты-жөндері жария етілді.

Талқылау