Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Несие әпермесең екі ініңді бауыздаймын деді": Алматылық қызды супермаркетте танысқан серігі қарызға белшесінен батырып, ұрып соққан

Алматылық 20 жастағы Әсем Әсірбекованы  супермаркетте танысқан серігі қарызға белшесінен батырып, ұрып соққан. Құқық қорғау қызметкерлері жазалауға дәрменсіз болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасының Көреміз бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

20 жастағы Әсемнің анасы өзін қоярға жер таппай жүр. Қаршадай қызы жас жігітке ес-түссіз ғашық болған. Супермаркетте жұмыс істейтін қыздың көңілін аулаған жігіт ақырында ғашығын ұрып соққан. 

"Кейінгі кезде мүлде өзгеріп кетті. Жылай береді. Оның үстіне үнемі тұмшаланып киініп жүретін болып алды. Үстіңдегі киімді шешші, ыстық қой деп неше рет айттым. Әлденені ішім сезді. Ол жігітпен небары бір ай ғана болғаны танысқанына. Естуімше, ол нашақор",-дейді Әсемнің анасы.

Жаздың аптап ыстығында тұмшаланып киініп алатын Әсем  үстіндегі соққы ізін жасырмақшы болған. Алайда оның жан сырын анасы өзіне қол жұмсамақшы болғанда ғана білген. 

"Мамаларыма қарайтын бет жоқ, сіздерді қатты жақсы көремін, қимаймын сіздерді", деп әпкемнің қызына қоштасу хатын жазған",-дейді анасы.

Қарызға батып, соққы көрген қыз суицид жасамақшы болған. Өз үйінде жүректің дәрісін ішіп алған. Артынша анасы жедел жәрдем шақырған. 

"Әсем есімді азаматша бізге 8 мамыр күні жедел жәрдем көмегімен түсті. Тексеріс барысында науқасқа медициналық хаттамаға сәйкес барлық көмек көрсетіліп, тексерулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, ешқандай сынық жарақаты анықталмады. Оң қолы мен саусағында соққы іздері қалған. Одан кейін шілде күні түнгі сағат 1 шамасында жедел жәрдеммен қайтадан келіп түсті. Анасынан сұрастырсақ, бізге түспес бұрын бір сағат алдын өзіне қол жұмсау мақсатында 30 таблетка валерианка ішіп алған",-дейді Әсем түскен аурухана дәрігері Бауыржан Омаров. 

Ауруханаға жеткізілісімен оған алғашқы көмек көрсетілген. 

"Мамыр айының 9-ы күні мені алып кетті. Алғаш көлігіне отырғанда ештеңе байқамадым. Артынан байқасам, көзі қызарып тұр екен. Аузынан ішімдік иісі шығып тұрды. Мен қорқып кетіп, үйге апарып тастауын өтіндім. Сол жерде сөзге келіп қалдық. Мені ұрды",-дейді. Әсем. 

Жігіттен таяқ жеген бойжеткен арыз жазу үшін Алматы қаласы Алатау ауданының полиция басқармасына арыз жазған. Алайда құзырлы орган жас қыздың арызын қабылдамаған. 

Арыз жазып, қайтадан барып сұрағанында қылмыстық құрамға жатпайды деп қайтарған. Азаматтық сотқа жүгіну керектігін айтып қайтарған. 

Содан бері әділеттікке жете алмай жүрген қыз бағдарлама студиясына келіп, өз шындығын бөлісті. 

Сарапшылардың жігітпен қалай таныстың деген сауалына Әсем өзінің шағын дүкенде кассир болғанын, оның клиент болып келіп жүретінін айтты. 

"Басында ол маған инстаграм арқылы жазды. Сосын кездесіп жүрдік. Ол мені алып кетіп жүрді. Біраз уақыттан кейін дүкеннен ішімдік алып жүрді. Кімге деп сұрағанымда ағама дейтін. Бір күні өзінің ішімдік ішкенін байқадым. Бірден үйге апарып тастауын сұрап ем, ол дөрекі сөйлей бастады. Сол жерде ұрсыстық, мені ұрды. Қашайын дегенімде, шашымнан жұлып, киімімді жыртып тастады. Телефонымды тартып алды. Әзер дегенде телефонымды алып қаштым",-дейді қыз. 

Араға біраз уақыт салып, жігіт "несие алып бермесең, екі ініңді бауыздап өлтірем" деп қорқытуды шығарған. Қорыққан қыз жігітке несиеге айфон ұялы телефонын алып берген және ұдайы түрде ақша жіберіп тұрған. Қазір Әсем телефонның несиесін төлеп жүр. 

Екі рет түрін суретке түсіріп несие алғызған. Сайып келгенде Әсем банкке қанша қарыз екенін өзі де білмейді.

"Бұдан басқа менің суреттерімді танысу сайттарына салып, мені жеңілтек қыз секілді көрсеткен. Кейін бір таныстарым сен осы танысу желісінде отырасың ба деп жібергенде таңғалдым. Содан кейін анама айтып жыладым, шаршап кеткенімді айттым",-дейді Әсем Әсірбекова. 

Жігіт үстінен қылмыстық іс қозғалса да полиция департаментіне келмеген.

Талқылау