Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыға қыдырып келген жігітті бұзақылар соққыға жығып, артынша көлік қағып кеткен

Алматыда 27 жастағы жігітті бұзақылар соққыға жығып, артынша жатқан жерінен көлік басып кеткен. Қаза болған азаматтың туыстары әділдік сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұзақыларға кезіккен 27 жастағы азамат алғашында қашуға бекінген. Бірақ соңынан қуып жеткен бірнеше жігіт оны алысқа ұзатпапты. Соққыға жығып, жол ортасына тастап кеткен. Ес-түссіз жатқанында көлік қағып, жүргізуші де оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші көз жұмды. Марқұмның туыстары қылмыс жасағандар әлі күнге дейін бостандықта жүр деп ашынады.

Оқиға екі ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған. Таңғы уақыттағы жанжал бейнекамераға жазылған. Бір топ жігітке тап болған 27 жастағы азамат алғашында қашпақ болған көрінеді. Көшедегі көліктен көмек сұраған. Бірақ ешкім жәрдемдеспеген. Бұзақылар қуып жетіп, соққыға жыққан. Кейін жол ортасына тастап кеткен. Сорақысы, енді есін жинай бастағанында темір тұлпар қағып өткен.

"Жолдың қақ ортасында ұстап алып, ұрып-соғыпты. 4-5 рет басынан және ішінен ұрады, бір-екі рет тепкілейді. Інім есін жия алмай сол жерде жатып қалады. Енді есін жиып тұрып жатқан кезде Александр деген кісі джиппен келіп соғып, тіпті сол сәтте тоқтамай кетіп қалады. Кез келген адам ит басып кетсек те, мысық басып кетсек те тоқтап көреміз ғой”, – дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов.

Алғашында соққыға жыққандар қамауға алынған. Туыстарының сөзінше, бірақ көп ұзамай бостандыққа шығарыпты. Ал оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі үйқамақта екен. Марқұм жақындары қылмыскерлер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. 

"Үйде әке шешеміз отыр аза тұтып. Інім қайтыс болғаннан бері неше рет талып, әлі есін жинай алмай отыр. Қазір бостандықта бәрі тайраңдап жүр. Осы уақытқа дейін ешкім кешірім сұрап келмеді, не істегендерін әлі түсінбейтін секілді. Інім отбасылы, екі қызы бар еді. Алматыға қыдырып келіп, табытпен оралып отыр үйге”, – дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов. 

Полиция департаменті осы оқиғаға қатысы бар екі күдіктінің үстінен бірнеше қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қалғандарының ісі тексеріліп жатыр.

"Аталмыш қылмыстық іс қазіргі таңда Алмалы аудандық полиция басқармасымен тергелуде. Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы екі қылмысты жасаған адамдар анықталып, ұсталды. Көлік жүргізугісі де, жігітті ұрып, қауіпті ортада қалдырған ер азаматта та”, – дейді қалалық полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұм Берікбай Сарыағаш қаласының тумасы. Туыстары кінәлілер жазасын заң бойынша алуын талап етуде.

Талқылау